01.08.2021
  136


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Қазақы ұрлық

Тыщу лет не удивляет никого -
Так уже сделан человек.
Ныне, присно о вовек
Царствует над миром воровство.
Редьярд Киплинг. «Общий итог».

Мынау өмiр қалған бiзге мұраға,
барымта мен қарымтадан тұра ма?
Үйдегi қой,
мидағы ой ұрланып,
көмiлгендей көз көрмейтiн ұраға.

Табыныңды қасқыр алды қоруға,
дарыныңды дәлдүрiштер торуда,
дорбалаған,
арбалаған қу құлқын,
жердi тесiп,
елдi теспей соруда.

Мұнайыңды жұтқызады қалтаға,
Құдайыңды ұтқызады картаға,
темiрiңдi, көмiрiңдi аз десең,
өмiрiңдi қоса жұтар,
қорқа ма?

Бар әлемге болғаннан соң ақша би,
қалды ма екен қанда - намыс,
баста - ми?
жөргегiнен алдануға үйренiп,
құр емiздiк сорып жатыр жас сәби.

Аяқтарын баса алмайды барлықтан,
қорқар кiм бар бұйрық пенен жарлықтан?
Қазақ озды,
қазақ озды, адамзат,
тым болмаса ұрлық пенен қарлықтан.

Даңқтырақ
дәнiккеннен құныққан,
кiм құтылар құлқын деген құрықтан,
бар ұрының аузын бiр-ақ ұратын,
Ажал деген ұры барын ұмытқан.





Пікір жазу