29.07.2021
  157


Автор: Сырбай Мәуленов

Той дүбірі

(Мерекелік кантата)
I
Алтайдың кен таба алмай алқымынан,
Арқаның бихабар боп алтынынан.
Сағымдай сапырылды қайран халқым
Жасынның жан сауғалап жарқылынан.
Сар дала сауырында сағым ойнап,
Күңіренді омырауын жалын жайлап.
Аптығып ата-баба аласұрды,
Арттағы ұрпағының қамын ойлап.
Замана тарлық жасап күн көріске,
Тартатын қазақ баба Үргенішке.
Қайтатын қайыршыдай қаңғалақтап,
Байлығын сала қояр кім бөліске.
Сор оны сұр далаға айдап барған,
Жалп етіп жығылғанда жайдақ нардан.
Бозінген бір күй тартып боз далада.
Жүре алмай шөлді құмда тайлақ қалған.
Далада өлді далада,
Бұйырмай елден мола да.
Ата деп шығар алдыңнан
Не айтамыз балаға.
Жете алмай бір қараға,
Далада өлді далада.
Айналып шығар алдыңнан,
Не айтамыз анаға.
Жол шалғай екі арада,
Далада өлді далада.
Аңқылдап шығар алдыңнан,
Не айтармыз әзиз ағаға.
Шомылған шолпы теңгеге,
Теңгермес сені өңгеге.
Асыға шығар алдыңнан,
Не дерміз ару жеңгеге.
Жоқшылық торлап күніге,
Айдады жердің түбіне,
Айқайлап шығар алдыңнан,
Не дерміз балғын ініге.
Ант берген адал, ағына,
Сарғая күткен сағына.
Күлімдеп шығар алдыңнан,
Не дерміз сүйген жарыңа.
Осылай інген боздаған,
Іштегі дертті қозғаған.
Құдайдың қылған ісі деп,
Қиынға қолды созбаған.
Қарсы келсең тозақ бар,
Құранның айтқан сөзі рас.
Қалжыраған қазақтар,
Көкірегі мұң, көзі жас.
Әлгі күй тағы қайта ызыңдайды,
Бітпейді қыр жолындай ұзын қайғы.
Алдыңа орнатады тағы әкеліп,
Тұтылған көз жанары қызыл айды.
«Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айрылған қарындастан жаман екен,
Мөлдіреп қара көзге жас келеді».
Ойласа осында бір зар-мұң жатыр,
Төгілген қан аралас жаңбыр жатыр.
Қазақтың айтылмаған босқа өлеңі,
Осында қап-қара бір тағдыр жатыр.
Қазақтың айтылмаған босқа өлеңі,
Құласа алдындағы жас терегі.
Айнала меңіреу түн ортасында,
Қазақтың мұңын шаққан тасқа өлеңі.
Елімен бір теңселіп,
Ерлер шықты белсеніп.
Ала алмады олар да,
Аламан жауды еңсеріп.
Қалғып қалды Қаратау,
Қаңғып қалды Қарааспан.
Аңырап қалды ақ отау,
Адыра қалды Адраспан.
Көшті күндер, есті құм,
Қаңбағындай даланың.
Өшті жырлар, өшті үн,
Туғанынша жаңа күн.
Кетті күндер, өтті түндер жаралы,
Жан жүрегі тілім-тілім жаралы.
Көтерілді ел коммунизм шыңына,
Ленин өзі алға бастап барады.
Көрші бүгін, көрші бүгін даланы,
Алтын дария төсін жарып ағады.
Алтын дария Бұқтарманың ГЭС-тері,
Алтын дария, алтын оттар аралы.
Алтын дария ұлан-ғайыр бай өмір,
Алтын дария космосқа ұшқан Байқоңыр.
Бұдан артық қайда барып табарсың,
Көңілге азық, жанға рақат жайлы өмір.
Алып жатқан байтақ елке көлемін,
Алтын дария миллиард пұт мол егін.
Сол дариядан аспанға атқан асқақтап,
Республика құдіретін көремін.
Алтын дария, алтын астық таулары,
Алтын дария ата-баба арманы.
Алтын дария, алтын күзде көз тартқан.
Оңтүстіктің бақшасы мен баулары.
Алтын дария ырыс-құты елімнің,
Маңдай тері күш-қуаты ерімнің.
Алтын дария алтын зерлі белбеуі,
Жерге шөккен кенге бөккен белімнің,
Алтын дария алтын астық қырманы,
Қорғасыннан қортылғандай бір дәні.
Алтын дария елдігімнің белгісі,
Соның нұры қызыл сәуле тудағы.
Алтын дария көрген емес таусылып,
Ағады он дүниені қаусырып.
Жағасында жел сөйлейді гуілдеп.
Жағасында жайқалады тал шыбық.
Алтын дария жомарт жаны қазақтың,
Алтын дария күміс күндіз, ғажап түн.
Біздер үшін сөйлесінші көктемдер,
Біздер үшін сөйлесінші өзі-ақ тың.
Алтын дария берді бәрін ақтарып,
Алтын дария аңыз болды жатталып,
Алтын дария бізбен бірге барады,
Келешектің күндеріне аттанып.
Ағады дария ағады,
Жер төсінде жарқырап.
Дабылы жерді жарады,
Толассыз күйдей сарқырап.
Арнасынан тасады ән,
Дария шеті шалғайда.
Ерлерден оны жасаған
Айналып кетсең болмай ма?
2
Оған жалғас от дариясы тағы бар,
Жеріміздің қара мұнай қаны бар.
Менделеев кестесіне түспеген
Өлкемізден кен тастары табылар.
Кім білмейді Қарағанды көмірін,
Қостанайдың қаптап жатқан темірін.
Кім білмейді құдіретін халқымның,
Кім білмейді Майқайыңның алтынын.
Кім білмейді Жездінің жез тауларын,
Қарсақбайдың кенге толы ауданын.
Кім білмейді Жетісудың жемісін,
Кім білмейді Талдықорған бауларын.
Жарқыратып қала менен даланы,
От дариясы жер астында ағады.
От дариясы бізбен бірге аттанып,
Келешектің күндеріне барады.
Көк ала басты шоқылар,
Көк ала бұлттан шыққандай.
Лениннің ақыл оты бар,
Қазақтар кімнен ыққандай.
Қазақтың жас пен қартында,
Ардақ тұтар бір ат бар.
Ол — сүйікті партия,
Көңілге күндей тұрақтар.
3
Партия жұлдыздарға жол ашқан күн,
Зымырап омырауынан көк аспанның.
Космосқа кеттік сүңгіп жазу үшін
Дәуірдің өшпейтұғын от дастанын.
Еліне тартып ғажап сый ұлдары,
Айға да сапар шекті қиырдағы.
Көргенде осыларды көкіректе,
Күмбірлеп атылады күй ырғағы.
Қайрат бар бұрқыраған бойымызда,
ІІІолпанға қол арту бар ойымызда.
Қазақтың қанатты әні қалықтайды,
Мүшелді мерекелі тойымызда.
Сары ала құмды сапырдық,
Жау төнсе жайдай жапырдық.
Атом боп көкке атылдық,
Күнді де жерге шақырдық.
Ардақ тұтар бір ат бар,
Қазақтың жас пен қартында.
Ол сөзде құдірет-қуат бар,
Ол — сүйікті партия.
Сүйеміз ұлы өмірді,
Көтерген көкке көңілді.
Сүйеміз сені, партия,
Сүйеміз ұлы Ленинді.
* * *
Тітіретіп жүректі,
Дауылды қара түн өтті.
Жел лебінен қалтырап,
Жапырақтар дір етті.
Қыстың қанға боялып,
Келді енді кезі өлер.
Көктем күні оянып,
Есінеді өзендер.
* * *
Балаларым — менің көлеңкелерім,
Шалдығу ерте деңдер.
Шал болғанда мен еркелермін.
Әзір еркелеңдер.
Балаларым — менің кептерлерім,
Көкірегіме қонақтаған.
Балаларым — менің көктемдерім,
Қаһарлы қысты жолатпаған.
Балаларым — менің бұтақтарым,
Жасыл бүрін жаратұғын.
Балаларым — менің кітаптарым,
Болашаққа баратұғын.
Балаларым — бал өзенім,
Өмір бойы ағып тұрған.
Балаларым — жан өзегім
Жүрегімді жарып туған.
Биік болдым жұрт алдында
Сендер барда жұтадым ба?!
Сайраңдар, жас бұлбұлдарым
Бурыл емен бұтағында.
* * *
Жастықтың жөнін сұрадым.
Көрдің бе деп орманнан?
Көрсетті ол жасыл жапырағын,
Жауатын бұлттай торланған.
Қолымды создым қалтырап,
Жастығым — жасыл жапырағым.
Жастықтың жөнін сұрадым,
Көрдің бе деп теңізден.
Көрсетті ол ніл толқынын,
Күркірі күн бе дегізген.
Телміре қарап отырдым,
Жастығым – асау толқыным.
* * *
Қазақ жері – Жайық, Алтай
Кең Отан.
Қазақ жері – сенсің – анам,
Сен – атам.
Қазақ жері – Құрманғазы, Махамбет,
Қазақ жері – сал Біржан мен сері Ақан.
Шабуылға шыққан ердей жалындап,
Қазақ жері көрген емес дамылдап.
Гагаринді түскенінде ғарыштан
Қазақ жері құшқан алғаш қабылдап.
* * *
Кекілік таудың
Кекіліктерін
Кешкілік неге атпасқа?
Көгершін таудың
Көгершіндеріне жем тастап,
Көк шалғынында
Көсіліп неге жатпасқа?
Қырғыздардың
Қымыздықтай
Қымызын неге ішпеске?
Қайратындай шың-құздардың,
Қайнарға неге түспеске?
Қызыл-қия,
Көк жаңғақтың
Көмірін неге қазбасқа?
Сол қара көмірдің
Күндей жарығында
Жырларды неге жазбасқа?
* * *
Рақат күндер
Айнала шалғын
Балауса
Айнала күндер
Айнала гүлдер —
Көтерген қызыл жалауша.
Айнала бұлақ
Түтінді бурыл бұлттардай.
Тепкілеп тауды,
Тастарды жарып шыққандай.
Төгілген нұрдай
Жапырақтың бейқам дірілі,
Құйылған жырдай
Шымшықтардың шырылы.
* * *
Жыландай жалап жел тілі
Жұтылғандай жер тірі.
Жұлдызы сөнген көк түбі
Қап-қара түндей көл түбі.
Қапсырған бұлттар — аюлар,
Қап-қара түндей көл бетін.
Жап-жарық күндей қайыңдар
Жата қап ішкен шербетін.
* * *
Менің бабам алатын
Ат үстіне мызғып дем.
Төнгенінде қара түн
Сөйлесетін жұлдызбен.
Көк жүзінде қалғыған
Кездессе егер нәзік нұр.
Ашылатын алдынан
Ақ аспандай жазық қыр.
Көңілімде көп алаң
Кейде адасам күндіз мен.
Адаспапты-ау, сол бабам,
Жолды айырып жұлдызбен.
* * *
Алматыға қыс түсіп,
Жапырақтар түсті ұшып.
Жаутаңдайды паналап,
Қу бұтақты құс құшып.
* * *
Қырдағы күлімдеген қызғалдақтар
Қыздардың түр-өңіндей.
Қырдағы дірілдеген қызғалдақтар
Қыздардың жүрегіндей.
Ол әр кез көз жауын ап ашылады,
Мәңгілік махаббаттың кітабындай.
Жел желпіп жусан исі шашылады,
Қыздардың жағатұғын жұпарындай.
* * *
Көк бөрікті ормандарда түн жатыр,
От көбікті өзендерде күн жатыр.
Таңнан құлап түскен қызыл арайдай
Ақ даланың ақ төсінде гүл жатыр.
Бәрі алға барады ұшып тоқталмай,
Денедегі жалын атқан от қандай.
Барлығы да барады ұшып білінбей,
Бағандардан тарап жатқан тоқтардай.
* * *
Бір-біріне тиген жәрдем-көмегі
Он туысқан өздері он ел еді.
Ең кішісі үйленген соң поезбен
Он мемлекет бірдей көшіп келеді.
Олар үшін жүйрік поезд аяңдап,
Тасбақадай жылжитындай баяулап.
Он мемлекет қарғып түсіп поездан
Құмды кешіп кететіндей жаяулап.
Жан жарына жабысса да жала тез
Болған емес кеңдік көріп бала ез.
Он мемлекетті он вагоннан түсірмей
Келеді алып қайран ана-паровоз.
* * *
Ыстығымен күйдіріп,
Суығымен тоңдырып,
Ыстықты да сүйдіріп,
Суықты да сүйдіріп,
Жаз бенен қыс келеді,
Не заманнан жол жүріп.
Өтсе-дағы алысып,
Күресумен ғұмыры
Жаз қыста,
Қыс жазда
Табысып,
Тарайды ыстық-суығы.
* * *
Жатқан тынбай ауысып,
Қуаныш — күн, қайғы — түн.
Аспанға ұшқан жарысып,
Үміт — бір от, ой — түтін.
* * *
Август.
Аттар ауыздықпен алысқан,
Айқайшының ащы даусын тұр күтіп.
Қалу керек қырқа астында алыс шаң,
Шабу керек кең даланы құйғытып.
Ақша бұлттар қалықтайды аққудай,
Гүл көбікті көлдер күміс зереңдей,
Тебінеді бір орнында ат тұрмай,
Үйрек ұшқан жоғарылы-төменді.
Орамалмен таңып алған маңдайын,
Қара домалақ жас балалар қаршадай.
Атыменен біледі өз жағдайын,
Шымыр, ширақ денелері аршадай,
Қырық шақырым тұр олардың алдында,
Сол жол енді төзімділік безбені.
Жылтыраған шық тәрізді шалғында,
Тым тереңнен қарайды өткір көздері.
Шіркін дала, жазық дала тақтадай,
Екі көздің аясына сия алмай,
Тау-теңіздің бірісіне тоқтамай,
Алабұртып алып ұшқан қиялдай.
Жаздың жасыл сәулесіне шомылып,
Жезқазғанның қолына ұстап жез күнін,
Үзеңгілер сыңғырлайды соғылып,
Балалар тұр күтіп бәйге мезгілін.
Жезқазғанның көп екен ғой тұлпары,
Байқоңырдың айға атылған құсындай.
Атқа деген адамзаттың іңкәрі,
Қояр емес, жанды доп қып ұшырмай.
Бізді солар табыстырған қиырмен,
Бізді солар жарыстырған құйынмен.
Құйрық-жалы күлтеленіп түйілген,
Көп жүйрікті көріп қайттым биыл мен.
Күн қайнады әзер алып өз демін,
Жас балалар еркін ұстап өздерін.
Келе жатты орамалмен сүртіп ап,
Тер құйылған аттарының көздерін.
Мұқаң бұған жаны егіліп шыдамай,
Жанарынан жасын төкті бұладай,
Жалғыз көк ат озғанында оқ бойы,
Көз жанары жана түсті шырадай.
Дала жатыр Тәттімбеттен күй тыңдап,
Бабалар тұр «басып оз» деп қиқулап.
Ат бәйгесі алды-артына қаратпай,
Жер мен көкті тастағандай сиқырлап.
* * *
Көрші үйлерге өлерде басын сұғып,
Шешем байғұс көзінің жасын сығып,
Жалғызына бақ тілеп, ырым қылып,
Аулаға әкеп шаншыпты жасыл шыбық.
Мен елжіреген сезіммен
Шыбыққа қараймын.
Ол мөлдіреген көзімен
Маған қарайды.
* * *
Ауылдың таптың жалғыз көп керегін,
Тұр алда өзің еккен кек терегің.
Сен қашан басқа жұртқа назыңды айтып,
Бұртиып болмашыға өкпеледің?
Балалық сыр білдірмей ойыныма,
Мінгіздің еркелетіп мойыныңа.
Жазғы түн ашық аспан аясында,
Бірге алып жаттың мені қойыныңа.
Мінгізіп от қанатты ертегіге,
Әкеттің көк аспанның кең төріне.
Таң ата жұмысыңа аяңдадың:
— Жеңгесі ие бол!— деп тентегіңе.
Самалға кеуде тосып мен ертеңгі,
Құмарта көзбен шолам кең өлкемді,
Бірақ сен бұрынғыша көрінбейсің,
Сағындым өзің түгіл көлеңкеңді.
* * *
Жастығыңды ұрлады жыл,
Қалды ізі шашыңа ақ боп.
Ауыр доптың жарқыншағы
Тиді саған шашырап кеп.
Тұр жүзіңде ізі қыстың,
Күрең табы тұр шілденің.
Қалса-дағы құр сүлдерің,
Бірақ мойып күрсінбедің.
Өрт шарпыған өтті түндер,
Көрген жоқсың бір күн налып.
Талай жанның көкірегіне,
Шырақ жақты күлкің дарып.
* * *
Есіңде ме өзің айтқан
Жалғыз ағаш туралы жыр.
Содан бері көз алдымда
Сонау Қырым шыңдары тұр.
Қанды майдан күндерінде
Оқ пенен от жалаңдады.
Деп едің сен жалғыз ағаш
Жанған өрттен аман қалды.
Жалғыз ағаш қаһармандай
Болып шыққан сонша мықты.
Секілді ерлік ескерткіші
Жан-жағынан қоршалыпты.
Көрініпті ол қиын күнде
Туған жердің тұлғасындай.
Борапты оған оқ бораны
Күндіз-түні бір басылмай.
Денесінде жаудың атқан
Әлі күнгі жатыр оғы.
Қаусаса да сапта қалған
Ел балайды батырға оны.
* * *
Кейбіреуді асығасың көргенше,
Ой арманды ортаға сап бөлгенше.
Кейбіреумен көріспегің келеді,
Қара түнге — қара жерге енгенше.
Ештеңеге еркін бойлап түсінбей,
Кейде қатып қаласың тас мүсіндей.
Омырауда от жұлдыздар ағады
Екі бетің жанады таң түсіндей.
Кейбіреумен табысасың туғандай,
Жаңа нұрдай, жаңа келген жылдардай.
Сен оларды жүрегіңе сиғызсаң,
Сенің жаның жүрегінде тұрғандай.
* * *
Кей уақытта
Жазды күткен
Жердеймін,
Бірақ сен келмейсің,
Кей уақытта
Қазды күткен
Көлдеймін,
Бірақ сен келмейсің.
Дауыл өтеді —
Келмейсің,
Жауын өтеді —
Келмейсің,
Бірақ тыным бермейсің.





Пікір жазу