29.07.2021
  123


Автор: Сырбай Мәуленов

Хиуа

Жанып тұрған сағым оттай
Қызыл шақа жоталарда,
Доңғалағы шаңырақтай
Салдырайды қоқан арба.

Саз дуалдар, Құм аралдар,
Бұлдыраған мұнаралар.
Аттың жұмыр тұяғына
Шаншылған тік шырағдандар.

Барлап тарих дөңгелегін
Сарай ақын жазған жырлар,
Канизактар бөлмелерін
Баққан сырттан азбан құлдар.

Аспаһани қылыш соғып,
Шаң-шұң еткен көк темірлер.
Дәруіштердің шапанындай
Жолақ-жолақ өткен күндер.

Шатырға хан қадап ақ ту,
Ойнақ салған әр күн жауыз.
Қанатымен желпіп аққу,
Сая берген салқын хауыз...

Жаңа Хиуа күмбезімен
Күнге салған жолды ілгері.
Көне тарих музейінен
Көресің тек ол күндерді.





Пікір жазу