29.07.2021
  142


Автор: Сырбай Мәуленов

Ардагер азаматтар

(Жазушылар одағында ескерткіш тақта ашылғанда)
Қызыл өрт, қырғын соғыстар,
Темір жел, қызыл от желдер,
Азынап ажал оғы ұшқан
Жамылған түтін көк пен жер.
Аспаннан аққан жұлдыздай,
Мезгілсіз кеткен шығын боп,
Жер гүлін өлген жұлғызбай,
Пулеметтерге тығын боп.
Оттарды құшақтап қапсыра
Өздері ұшқан оқ болып,
Танкінің түсіп астына,
Жарылған қанды кек болып.
Салюттей даңқы жер жарған,
Қалың ел қазақ мақтаны,
Аттары болған елге арман,
Ардагер азаматтары.
Телегей-теңіз жас болып,
Күңірентті қаза хаттарың,
Қалдыңдар шөгіп тас болып,
Жауынгер азаматтарым.
Еңіреген есіл боздақтар,
Қиылған ерте қыршындар,
Оранып ақ бұлт — гүлдерге
Ескерткіш болып тұрсыңдар.
Жандыңдар қайта күндіз боп,
Көтерді биік даңқты ел.
От шашты қызыл жұлдыз боп,
Ойылған тасқа әріптер.





Пікір жазу