29.07.2021
153
Жиырма сегіз
Бұлдырайды қырда теңіз —
Сағым құба жонда ағып.
Келе жатыр жиырма сегіз,
Лениннен жолдама алып.
Aш өзегі жанып күйген,
Күнге қолын жайған Алтай.
Көк ала мұз сауыт киген
Арғы жағы Тарбағатай.
Октябрьмен туған егіз
Бақытына қадам басып.
Келе жатыр жиырма сегіз,
Алтай таумен амандасып.
Жаңғырықты күллі алап,
Ленин берген тың күшпенен,
Қырға қызыл туды қадап,
Жерге салды тұңғыш түрен.
Жаңа арнамен ақты ағын,
Төгілді сел күштің бәрі.
Планетаға атты жалын
Коммунарлар ұшқындары.
Бірақ бүлік салды ажал,
Көтерілді қанды қанжар.
Күңіренді Алтай тауы,
Тапты қаза коммунарлар.
Көмді құйын өліктерін
Өлді арманда қырда тегіс.
Қайталады ерліктерін
Қан майданда жиырма сегіз.