28.07.2021
  155


Автор: Сырбай Мәуленов

Маршал Мерецков

Тұтқа болар әрқайсы әр ауылға,
Миллондаған солдат бар қарауында.
Сұрақ жатыр олардың жанарында,
Олар ділгер маршалдың жауабына.
Біреудің жалғызы бар,
Біреудің жан қызы бар,
Олар кіші,
Ал мұнда ұлы атақ бар,
Олар күші-
Олар күші,
Олар болса
Мұнда да рақат бар.
Жауапкер майдан басы,
Барлығына,
Солдаттың,
Генералдың,
Тағдырына.
Туған жердің
Әр атауы,
Әр тасына.
Бәрі аяздай батады арқасына.
Қолбасының арқалары жүгі аз ба?!
Көшеді бұлттай ойлар түйдектеліп,
Отырады блиндажда
Басынан талай ауыр күйді өткеріп.
...Кетеді кейде өткен күн елес беріп,
Жүреді ол Лукачқа кеңес беріп,
Отыздың ішінде еді Мерецков
Онымен есептесті ел ескеріп
Испания батқанда ауыр мұңға,
Бір болды баррикада жалынында.
Соғыстың түтініндей будақталып,
Өтті елес алыстағы жылды ақтарып.
Мүк басып мүлгіп жатқан шалшық
сулы,
Кешті ол Волховтағы балшық нуды.
Отқа жанып танкісі жазғытұры
Өтті кешті өзінің жалғыз ұлы.
Артық көріп басқа оны солдаттардан
Кездері жоқ қиыннан қорғап қалған.
Мен де болдым Мерецков қол астында,
Қол астында бораған оқ астында.
Жалын көкті қызартып өрттей етіп,
Жалын тудай бояды ағашты да.
Қызыл аспан, қызыл жер, қызыл белес,
Дүрілдеді қан майдан қызып егес.
Құтыда бір жұтым су,
Қапшықта бір түйір нан,
Жоқ бірде тыншу,
Шабуылда шабуыл тұтқиылдан
Қар –жаңбырмен жылаған күзгі аспан,
Отырды ол талай түн мызғымастан.
Көктен бомбы боратқан юнкеристер,
Ине шаншым жоқтай-ақ күн көрім жер
Табанымен төңкеріп тоңды шашып,
Ауыр танкі жылжиды орды басып.
Әр солдатпен шығады ол атакаға,
Ауыр артиллерияға,
Бронепоездарға-
Жолды ашып.
Тыңдайды оны әскерлер,
Сөйлейді самолеттермен,
Борышты орман, тас, көлдер
Көп үйлер қалған өрттерден.
Борышты оған солдаттар,
Өткен аман өткелден
Лининград қоршауы,
Бұзылғанда оқтардан,
Көзінен бір жас моншағы,
Келіп бір кетіп жоқ болған.
Алыстан қайта жарқ еткен
Найзағайдың ұшындай,
Со бір жас кенет жалт еткен,
Қуаныштың құсындай.
Аптыққан жау ақыры отты құшып,
Сабырына сап болды соқтығысып.
Әскери уставтарда қаралмаған,
Тапты жолдар траншея- тарамдардан,
Қайратын қамалдарға қарсы тосты,
Автогеннің оттары ала алмаған.
Батты оның жанына әрбір шығын,
Ойлады ол оққа ұшқан тал бүршігін,
Солдаттармен бір кешігіп саз балшықты,
Солдаттармен бірге ішті жаңбыр суын.
Көтеріліп тұғырға – жоғарыға,
Жеңіс күні тұрды ол ел алдында.
Жолдас маршал, сенің де үлесің бар,
Өзің берген әр солдат медалында.





Пікір жазу