28.07.2021
  148


Автор: Сырбай Мәуленов

Ер Естай

I
Бұл дүниеде айтшы, адамзат,
Елге деген махаббатты.
Жасайды тек өмір азат
Өмірден де барма тәтті?
Ашып жастық жәрмеңкесін,
Жайнатып бар жайған мүлкін.
Мейманына мейірбанды,
Ізгі емес пе өмір шіркін.
Олар кеше қан майданда,
Оқ астында дабыл қақты.
Адал жүрек аққан қаны,
Бізге бақыт шамын жақты.
Бұл өмірде, бейбіт күнде,
Қақымыз жоқ ескермеуге.
Қалғандарға тірлік берді,
Өмір оты өшкен пенде.
II
Жатыр тасып қарт Днепр
Жағалауын толқын шайып.
Теңселеді, тербеледі,
Толқын менен толқып қайық.
Шулы өзеннің көк айдынын,
Шарпып жалын, шарлайды оқ.
Төсін тіліп, тіке жарын,
Жалғыз қауып, жалмайды доп.
Қаршығадай қанат қаққан,
Қыстың дүлей боранында,
Қара түнде қайықшасын,
Қарсы есіп долы ағынға.
Ала сапыран алаулаған
Кеудеде кек, жүзінде ұшқын.
Өлім, өмір майданында,
Келеді ұлы күншығыстың
Тулап толқын, соғып дауыл
Жауып бомба, жарқылдап от.
Шашып қызыл ұшқындарын,
Жалаңдайды қайыққа оқ.
Түн тұлымын жайып тастап,
Тұрды реңсіз тұйық сырлы.
Жер дауыс қып, өзен өксіп,
Көкірегін қанмен жуды.
Кім біледі соғып толқын,
Қайықшасын аудара ма?
Тұңғиыққа тартып өзен,
Кеудедегі жанды ала ма?
Кім біледі қараңғыда
Қала ма артта қалғып жиһан
Қанды қырғын алаңында
Отыр ойда, алды тұман.
Қақ жүректен кім болжаған,
Қадала ма қанды қанжар?
Қара түнде жоқтайды ма
Қара шәлі жамылған жар.
Ұшан дария ой теңізі,
Шалқып ұрып жарға соқты.
Көк өзеннен күркірете,
Жаудырды ол жауға оқты.
Кейде ауыр доп түсіп алдан,
Толқындарды өрге өршітіп.
Көтереді қайықты тік,
Қалтылдатып, дөңбекшітіп,
Оттан, оқтан көк толқыннан,
Құйылады топан сел кеп.
Жан таласып қара түнде,
Жағаға Естай жетті өрлеп.
Оршытып өз орнынан,
Ойран етіп табиғатты.
Алды-артты түгел қоршап,
Ажал оғы ағап жатты.
Қара түнде қалқалаған,
Төсін жарып көк тұманның.
Ажал оғын арқалаған,
«Жолбарысы »шықты жаудың.
Днепрдің жартастары,
Жанқаланып жатты ұшып.
Жақын қалды жау танкісі,
Жаудырып доп, жалын құсып.
III
Гүрсілдеді зеңбіректер
Ұшқыр оқтар зуыл қақты.
Ормандарды отқа өртеп,
Құс біткенді шуылдатты.
Жатты Естай жалғыз өзі,
Жолдастары жұмды көзін
Арынды ажал естіртпеді,
Қоштасарда айтқан сөзін.
Қайран достар қалды мәңгі,
Жер қойнында солып гүлдей.
Беттерінен қашып қаны,
Сұрғылт тартқан суық түндей.
Достарының өліміне,
Қайысты ер қабырғасы.
Сіркіреген жауындай боп,
Топыраққа жауды жасы.
Сүртіп жасын, жиып күшін,
Зеңбірекке салып добын.
Оқ нөсерін тасқындата,
«Жолбарыстың» жарды добын.
Белі үзіліп күйрегендей,
Бөксесінен төңкеріліп.
Бастаған бір «баһадүрі»
Бойы балқып кетті еріп.
Аспанды үңгіп, бұлтқа сүңгіп,
Зеңбіректің ұшты добы.
Қалқан етіп қара түнді,
Баспалады жаудың тобы.
Туған елге тура қарап,
Бір кездері берген серттей,
Тудай толқып тұрды Естай
Қотарылып өртке өрттей.
IV
Зеңбіректер күрс-күрс ойнап,
Көктегі күн күріліндей.
Келе жатты жау жалаңдап,
Жанталасып тыным көрмей.
Шықты Естай жекпе-жекке,
Барлық күшін бойға жинап,
Тіл қатырып пулеметке,
Жаудың оқпен жолын қиып.
Әлдеқайдан бір жарықшақ,
Қадалады кеп кеудесіне.
Шыр айналды шіркін дүние
Түсті қайран ел есіне.
Көк жойқынды тулады өзен,
Көбік атып буырқанып.
Ер кегі үшін атылды оқтар,
Жалын шашып, бұлтты жарып...
V
Сонау Польша қойнауында,
Көзім шалды бір зиратты.
Кім екен бұл, уа дариға,
Ару ма екен нұр сипатты.
Батыр ма екен қан майданда,
Өр кеудесін оқ шарлаған.
Көкірегінде кетті-ау бірге,
Жұлдыз болып жиған арман.
Әлде ардақты ана ма екен,
Махаббатты жаратушы.
Саябырлап албырт қиял,
Азғана дем ала тұршы.
Толқымашы, туламашы,
Тебіренбеші, нәзік жаным.
Тас бетіне батыр атын
Кетіпті оқпен жазып жалын.
Сонау Польша қойнауында,
Саясында қарағайдың,
Жатыр ұйқтап батыр Елтай
Геркулесі Қостанайдың.





Пікір жазу