28.07.2021
  319


Автор: Сырбай Мәуленов

Баянауыл

Бару үшін Жасыбайдан Баянға,
Таяқ ал да, жолға шығып аяңда.
Батырлардың бұлағынан су ішіп,
Бабалардың бейітіне аялда!
Табиғаттың бір перзенті, тау сәні,
Басып кетпе балапан жас аршаны.
Жатады ол жасыл шашы жалбырап,
Жалпақ тасты қаусыра ұстап саусағы.
Тас бойлаған тамырына сүйсіне,
Ішпей-жемей мас боласың иісіне.
Көкірегіңе көктің нұры құйылып,
Дала саған еміренеді иісіне.
Тағы аяңда, жақын қала аңғары,
Айналдыра қоршаған құз таулары.
Сіріңкенің қорабындай шашырап
Жатады алда Баянауыл ауданы.
Ар жағында тағы да асу адыр бел,
Адырды ассаң көпіршіген Сабынкөл.
Жомарт аспан көлге құйып көз жасын,
Баянтаудан аямаған барын жер.
Баянтаумен келсе толық танысқың.
Музейіне бір сүңгіп шық Қаныштың.
Ұзын ырға ұрпақтардан сезесің,
Шекарасын жақын менен алыстың.
Күндер көшіп қабырғадан жүгі ауыр,
Суреттер ашылады мына бір:
Алты бірдей академик беріпті
Баянтаудың құты болып бір ауыл.
Таудан сырғып түскенінде кеш төмен,
Баянауыл тартылып от кестемен,
Мыңдаған күн бір-біріне қарайды
Бір кездерде Сұлтанмахмұт көксеген.
Жас қаланы жасыл шыңдар көмкеріп,
Жалаулардың қанаттарын жел керіп,
Ай жанады әлде біреу кеткендей
Тау басына алтын табақ төңкеріп.
Әр тасында, әр шөбінде бардай ән,
Жаңғырады сері Баян, сал Баян,
Бір шырқайды бір дауысқа қосылып
Қала Баян, дала Баян, тау Баян.
* * *
Текше тастар
Отау тастар,
Қой тастар —
Әрқайсысы бір ауыл.
Қашан көрсең мұнарланған ойлы асқар
Ауылдарға қарауыл.
Тау ішінде құбылған сап өңменен
Табиғаттың өзі салған ғажап бар.
Боз жусанды, бетегелі белменен
Барады ағып баянтаулық қазақтар.
Олар ылғи мақтан етіп көлдерін,
Аунайды ыстық боз топырақты құмына.
Таңертеңгі жұтады еркін жел лебін
Ақбет таудың қарап қойып шыңына.
Шыңыраудан шығады бал бұлағы —
Қанғанынша еркін іш!
Жылқы үйездеп көлдерінде тұрады
Құйрықтары желпуіш.
Сиырлары қосылмайды табынға
Әкетеді сиқыршыдай шың ертіп,
Он күн бойы жоламайды үй маңына
Үңгірлердің қойынында күнелтіп.
Түн болғанда тауды нұрға қарық қып,
Шаншылады күміс орақ басына ай.
Шипалы су, әулие су жарықтық
Тау қойнында мөлтілдейді Жасыбай.
Көлкіп тұрған жауыны бар,
Желпіп тұрған дауылы бар —
Көл бұл бір,
Көктем түсті көгілдір,
Анамыздың жасы тамған,
Атамыздың қаны тамған
Қасиетті жері бұл.
Құшақтайды сені ақ қайың.
Шалғын көмген кәрі жұрт,
Оның бәрін мен айтпайын,
Өзің барып ұқ!
* * *
Басына бір шығып алып шоқының,
Таулар жырын таңырқана оқыдым.
Тау мен таудың жалғастырып арасын
Аспан тартты аспалы бұлт көпірін.
Жауырынын жазып ап.
Тау қария жатады тас жастанып,
Соғады жел ішін тартып азынап,
Үлгергенше қас қағып.
Күміс жылан шаншылып,
Күңіреніп күн,
Боратады көк ұшқын,
Ақ жауынға малшықып,
Сілкінеді шөп үстін.
Басылады жол да енді шаңдатпай,
Желдің енді мінезі жоқ ұрда жық.
Жаттығуда жүрген терек солдаттай
Өрмелейді шың басына тырбанып.
Айхай жаңбыр,
шомылдырып ауаны,
Айдай дала ала бұлттан ашылған.
Сарыарқаның еседі есіл самалы
Құж-құж тасты қарғып түсіп асудан.
Пай-пай дүние жауыннан соң тұр тұнып,
Самалменен үсті-басын сүртініп.
Көлге барып,
Құмға аунайсың шалқадан,
Күн сүйеді бетіннен,
Құм сипайды арқадан,
Бірақ осы рақатқа құмар қашан тарқаған.





Пікір жазу