Ақмара
Өзбек қызы Ақмара,
Екі көзің қап-қара.
(Халық өлеңі)
Ақ жүзінде қызыл от,
Андижанда пістің бе?
Жандың ба әлде жүзім боп,
Наманганның үстінде.
Ферғананың гүліндей
Шайы жібек көйлегің.
Көбелектің түріндей,
Қайдан алдың өрнегін?
Буындарың былқылдап,
Ұшып жерге тимейсің.
Саусақтарың сыртылдап,
Иегіңмен билейсің.
Жүзің жанған анардай,
Қоймас жанды еркіне.
Жас жігіттер қана алмай
Тұр өзіңнің көркіңе.
Ұқсап пейіш құсына
Көз астымен қарап ең,
Ақ бетіңнің ұшында
Дірілдеді қара мең.
Тимеген де шығар-ау
Шіркін оған қол бөтен.
Хафиз ақын жырлаған
Шын сұлулық сол ма екен?
«Өзбек қызы Ақмара,
Екі көзің қап-қара»
Жас қалпыңда тұра бер,
Сол меніңді сақта да.
* * *
Өлеңменен өртеніп бүкіл денем,
Түнеремін таулардай түтіндеген.
Қанша жұмыс бар әлі бітірмеген,
Мен қарлығаш ұясын бүтіндеген.
Сол ұямды қызғанып әлденеге,
Көрсеткім де келмейді жан дегенге.
Тазартамын жауыннан соңғы ауамен,
Саңлау ашып қоямын сәулелерге.
Бұлтты аспанды оранып ұям менің,
Жатыр жайлап таулардың қиян көгін.
Сол арадан шығамын саяхатқа,
Аралап бір қайтуға қиял елін.
* * *
Тау басына шықпадық,
Құшақтамадық бұлтты алып.
Жаздың гүлін термедік,
Таң самалын жұтпадық.
Тек үмітке ереміз,
Салқын сабыр-тағатпен.
Тек шапқылап келеміз
Арман атты ақ атпен.
* * *
Қыр басына шығармайсың,
Беу, көктемнің сызат жері!
Әлдекімге жыр арнайсың,
Беу, даланың ұзақ желі!
Тек түндерде түске енесің,
Жазғы жасыл жапырақтар!
Көлден аппақ құс көресің,
Шапқылайды ақ бұлақтар.
Шуылдайды жас құрақтар,
Көл оянып ұйқысынан.
Баяғы өткен жастық шақтай
Өтеді қаз үй тұсынан.
* * *
Екі жарты – бір бүтін,
Екі тамшы – бір жұтым,
Отан болып от жағар,
Екі жалқы – бір түтін.
* * *
Толқынның күші - теңізде,
Өлеңнің күші – сезімде,
Теңізге барсаң мені ізде,
Толқиды толқын сөзімде.
Аспанның күші – күнінде,
Ақынның күші - тілінде.
Жақұттай сөзі жарқырап
Жатады теңіз түбінде.
***
Көк төсіне қадалған оқ
Күннің көзін жаба алған жоқ,
Жолбарыстай жаланған от
Жерді жаулап ала алған жоқ.
Оқ отады жұлып талды,
Орнында бір шыбық қалды.
Жүз жауынгер жанын берсе,
Бір жауынгер тұрып қалды.
Өртесе де жалын қайғы,
Бермей түсін таң ырайлы.
От ішінде қызғалдақ боп,
Шіркін өмір тамыр жайды.
Көк төсіне қадалған оқ
Күннің көзін жаба алған жоқ,
Жолбарыстай жаланған от
Жерді жаулап ала алған жоқ.
***
Осы дала аспаны бақыт дара,
Биігіне шалқаннан жатып қара!
Шексіз-шетсіз жүзеді ақ шарбы бұлт,
Ал күн саған қадалған ақық қана.
Тигіз суын көлдердің еркініңе,
Со жетердей бір сенің өміріңе.
Бұл даланың дастанын тыңдау үшін
Құлақ тоссаң болады жел үніне.
Бұл даладан сұраймын жол жайын мен
Дала, дала толқиды өр қайыңмен.
Дала, құйып келесің ғажайып күй,
Сорғалаған құйттай өз торғайыңмен.
Сенсің маған тар күнде қол ұсынған
Торабыңда тұнған жыр, тоғысып ән.
Дала, дала, өлгенше құтылмаспын
Шаш етектен келетін борышымнан.
***
Менің үшін әлдеқашан,
Көзін жұмып өлгендер бар.
Көре қалсам тұра қашам,
Өлі аруақты көргендей дәл.
Нәзік жүрек тас оларға,
Тұра алмаймын сөзін тыңдап.
Тек өзімнен басқаларға
Сата берсін өзін пұлдап.
Менің үшін ол байғұстар
Тірі аруақ, құр көлеңке.
Менің үшін ол байғұстар
Көп жыл бұрын өлген ерте.
* * *
Кешеді адам теңіздерді
Ұйықтап жатып.
Шиырлайды көне іздерді
Ұйықтап жатып.
Аралайды керемет бай елдерді
Ұйықтап жатып.
Құшады ару әйелдерді
Ұйықтап жатып.
Жарысады құстармен
Көкті ала шаң қылып,
Ұйықтап жатып.
Қонады тұғырға барып мәңгілік
Ұйықтап жатып.
Көзін ашса, бірі жоқ таң қылады,
Көрген түсі өңінде зар қылады.
***
Түнерген адырлар
Секілді ашулы кит.
Шайқалған шалғындар
Секілді жасыл мұхит.
Жол көрсетер жұлдыз – махаббат
Түнде жерге аспан түсіп,
Сүйеді тауларды жата қап,
Көздерінен жастар ұшып.
Жанады қанатындай самұрықтың
Бар жұлдыз көкте емес, жерде туып,
Ашулы кит,
Жасыл мұхит,
Қап-қара сағымды түн
Дірілдейді,
Қыран жел қанатымен тербетіліп.
***
Көңілімде қалды елесің,
Көлеңкенің көлеңкесіндей,
Мұнартқан тау кешіндей,
Күннің бұлтқа түскен соңғы сәулесіндей.
Талай жылдар жүрдің бірге
Жол үстінде,
Көйлекшең,
Жалаң аяқ.
Бермедің махаббаттың бал дәрісін,
Өзің салған жарамды аяп.
Аша алмадың кілттеген,
Ашылмаған сырларыңды,
Жоғалттым үмітпенен
Ең жақсы жылдарымды.
Бала болып жүріппін мен ертеде,
Құмартқам неге сонша көлеңкеге.