28.07.2021
  130


Автор: Сырбай Мәуленов

Ашық аспан — кабинетім

Қорек етер мәңгі ұрпағым,
Іздеп тынбай жылдарға азық.
Жалғыз өзім жаңғыртамын
Жалпақ қырды жырлар жазып.
Жапырақтар — қарлығашым,
Ақ бұлақтар — ақ ниетім.
Қара ормандар — қарындашым,
Ашық аспан — кабинетім.
Күн түспеген жерге жетіп,
Ойнаймын мен шуақ болып.
Еркін желмен өлеңдетіп
Шулаймын мен құрақ болып.
Жаңғырамын таумен бірге,
Жүгіремін желмен бірге
Алаулаймын таңмен бірге,
Толқындаймын көлмен бірге.
Жаңбыр болып жауып алып,
Ең әуелі өз кеудеме,
Өз дауысымды тауып алып,
Құйыламын өзендерге.
Кейде тасып төгілемін,
Кейде ашынып булығамын.
Кейде бұлттай егілемін,
Кейде дауыл, шулы жаным.
Өзендермен өзен болып,
Тауға айналам тауды ұғынып,
Жел, күн, аспас кезең болып,
Жатам жалғыз жаңғырығып.





Пікір жазу