28.07.2021
  149


Автор: Сырбай Мәуленов

Асторияда

(Есенин туралы)
Шашасынан шық шалған,
Омырауы ақ көбік,
Түскен таңғы бұлттардан,
Бір қызыл ат жатты өліп.
Шаба-шаба шаршаған,
Тұяғын тас тоздырып,
Арманынан аңсаған.
Ерте айрылған көз жұмып.
Жатыр енді күй бітіп,
Жете алмай жас көктемге,
Сілтейтұғын құйғытып,
Жер менен де,
көкпен де.
Құйындатып өтетін,
Жолды көміп ақ шаңға.
Рязаньға жететін,
Ақ жаулықты ақшамда.
Бірде күндей ашылып,
Бірде бұлттай тұнжырап,
Бірде өмірге ашынып,
Бірде күліп,
бір жылап.
Жатыр енді қызыл ат
Еркін ұйықтап,
алып дем.
Өмір шіркін қызық-ақ,
Жалғанатын даңқпен.
* * *
Жыр тәңірісі Пушкиннің
Аспанда ма тұрағы.
Жыр тәңірісі Пушкиннің
Асқарда ма тұрағы.
Дүние бүкіл таң қалып,
Күнде дабыл ұрады.
Сол Пушкинді аударып.
Талай ақын құлады.
Ол келеді ешбір де
Асуынан өткізбей,
Ол келеді ешкімге
Пушкин болып жеткізбей.





Пікір жазу