28.07.2021
  98


Автор: Сырбай Мәуленов

Бозшакөл басында

Осы екен ғой ата-бабам өлген жер,
Жоқ оларды қазір көзбен көргендер.
Ескен желдер қанатына мініп ап,
Көшкен құмдар,
көшкен жылдар — керуендер.
Бабалардың жүректерін дерт үңгіп,
Сабыла-сабыла кеп іздеген еркіндік,
Жабыла-жабыла жау жетерде түбіне,
Қамыға-қамыға кеткен ұстап сертін нық,
Көз жасы боп кеудедегі ұлы арман,
Бұл даланы бұлт секілді суарған.
Боз топырақтың ортасында Бозшакөл
Сол жастардың тамшысынан құралған.
Көл жағасы бабам жатқан биік бел,
Белде еркін жайылады киіктер.
Көл бетінде әулие аққу жүзеді,
Оған қашан оқ кезеніп тиіпті ел,
Көбік атып тебіренгенде көл бұрқап,
Бір-біріне жасап құрмет ілтифат,
Аспан мен жер сөйлеседі құстардай
Азаттықтан салады әнін жел шырқап.





Пікір жазу