28.07.2021
  143


Автор: Сырбай Мәуленов

Сағадатхан

Алма ағаштар гүлдейді,
Сен бірге гүлдеп күлесің, Сағадатхан,
Алма ағаш семетінгн білмейді,
Сен сөнетініңді білесің, Сағадатхан.
Содан ба әлде кейде сен,
Тұнған судай мөлдірейсің, Сағадатхан.
Гүлдер жайлы сейлесем
Елжірейсің, Сағадатхан,
Бұршақ жауса көктемде,
Гүл солады деп қамығасың, Сағадатхан,
Өз қысың кеп жеткенде,
Неғыласың, Сағадатхан.
Сен табиғатты аяйсың,
Жібек жаның ұлбіреп, Сағадатхан,
Сені де табиғат аясын,
Қыс түскенде
Тым болмаса
Бір рет, Сағадатхан.
* * *
Сенен басқа табар жоқ,
Сенен маған адал жоқ,
Айтқаныцнан бұлтарар
Менде басқа амал жоқ.
Өлтірсең де өзің біл,
Тірілтсең де өзің біл.
* * *
Толқындарды аяймын тілі жоқ деп,
Тауларды мен аяймын үні жоқ деп.
Тасты аяймын оянар күні жоқ деп,
Көкті аяймын тебіренер жыры жоқ деп.
Сондықтан да тау больш шіренемін,
Сондықтан да тас болып түнеремін,
Сондықтан да аспан боп жылаймын мен,
Сондықтан да толқын боп жыр өремін,
Жалғыз өзім бәрінің орнында боп,
Табиғаттың жырлаймын мың елеңін.





Пікір жазу