28.07.2021
316
Тарбағатай түтіні
Жалаң аяқ жарысқан
Айналаның тал бәрі,
Айдалада арыстан —
Тарбағатай таулары.
Жаңа ғана шудасын
Жаңбыр жуып өткендей.
Жаңа ғана шың басын
Самал тарап күткендей.
Көк жиекпен ұштасқан,
Көз жеткісіз аумағы,
Алтаймен қол ұстасқан
Тарбағатай таулары.
Таулар жатыр салқындап,
Бұлтқа тосып арқасын.
Бүркіт қана саңқылдап,
Оятады жартасын.
Ақ қайыңдар жас нұрға,
Жас ауаға шомылған,
Жалпақ аспан астында
Көз алмайды жолыңнан.
Шөккен нардай бітімі,
Ар жағынан адырдың.
Көрінеді түтіні
Аз ұйқылы ауылдың.
Сол түтіннен бір қырда
Қалған күнді танисың,
Әкеледі мұрныңа,
Жаңа піскен нан исін.