28.07.2021
  184


Автор: Сырбай Мәуленов

Достарға...

Армения — мәңгі көктем, жасыл май,
Өзендерің тойға шашқан шашудай.
Кәрісің сен алғашқы Адам атадай,
Жассың біздің жиырмасыншы ғасырдай.
Құрдастайсың сонау күннің өзімен
Сөйлейсің сен Исакиян сөзімен.
Қарайсың сен Араратқа армандай
Севан көлдің мөлдіреген көзімен.
Арараттың асылады басына ай,
Қараторы армян қызы қасындай.
Жатады тас жарты аспанды құшақтап,
Жер мен көкте қатып қалған жасындай.
Армения, жақсы келдің, дос бауыр,
Бір ай бойы тосты қала, тосты ауыл.
Жүректердің жалынынан жаралған
Бұл достыққа болмайды еш тосқауыл.





Пікір жазу