28.07.2021
  94


Автор: Сырбай Мәуленов

Ленин — октябрь

Октябрь.
Петроград.
Қара суық.
Көк Нева көкке атылған аласұрып,
Көрініп көк жиектен глобустай
Дөңгелеп күн келеді жаңа шығып.
Лениннің сөзінен құрал ұстап,
Смольный көз ілмейді қырағы штаб.
Келеді кезей ұстап винтовкасын
Бушлатты матрос Кронштадт.
Қорғасындай қорытылған шымыр үні,
Жұмысшының түюлі жұдырығы.
Адымдап Петроград аспанында
Октябрьдің келеді ұлы күні.
Қызыл тулар Неваның көк жағасы,
Қызыл тулар аспан мен жер арасы,
Октябрь Ленинге қол созады,
Октябрь — Лениннің бел баласы.
Ленин жаңа тарих белесінде,
Ленин жаңа дүние кемесінде.
Ту болып толқындайды шалқып жанып,
Арманды ғасырлардың төбесінде.





Пікір жазу