28.07.2021
  134


Автор: Сырбай Мәуленов

Диалог

— Іздесең қыздың қонысын,
Түспейді жеңіл жол саған.
Өтесің таудан ол үшін,
Ақ бұлттар басып қоршаған.
Ер болсаң содан аттап көр,
Қыры бар қылыш жүзіндей.
Кездеспес одан соқпақ жол
Жыланның жүрген ізіндей.
Ар жағын асып түскен coң,
Тағы да тосар тар кезең.
Төсіндс шұбап көшкен сең,
Алдыңды орар қанды өзен.
— Тауыңнан әрі өтермін,
Табанымды тас қажар.
Табармын қыздың мекенін,
Аранын мейлі ашса ажал.
Өзеннен әрі өтермін,
Кете алмас толқын кері алып.
Табармын қыздың мекенін,
Маңдайдан шұбап тер ағып.
— Жігіт екен дегенмен,
Қиынды жеңіп келді,— деп.
Қарсы алар сонда белеңнен
Шопан қыз көзі мөлдіреп.





Пікір жазу