Жасыбайдағы тас сурет
Тұрмыз оны таң көріп,
Кімдер екен жасаған?
Жасыл мұнар жан беріп,
Қозғалғандай тас адам.
Үстін жасыл мүк басқан
Басында көк телпегі.
Тұр ешнәрсе ұқпастан
Секілді алыс ертегі.
— Бұл болады қай туған?
Жоқ айтатын таста тіл.
Жырдағы кеп айтылған
Осы шығар қас батыр.
* * *
Жыртық-жыртық аспан ала бүртіктей,
Быж-быж қайнап көл толқиды іркіттей.
Ерейменнің имек тұмсық таулары
Желге қарсы ұшатұғын бүркіттей.
Долы дауыл тоқтамайтын жайы бар,
Тербеледі,
теңселеді қайыңдар.
Бұлт келеді,
қайың дауыл кірлеткен,
Көйлегіңді көк нөсерге шайып ал!
Бұл далада бұлтқа орын бар түнесе,
Құйсын жаңбыр күндіз-түні тілесе,
Шіркін қайың қанып ішіп бұлт суын
Бұрынғыңнан жасарарсың мың есе.
* * *
Шаңқай түсте қайнағанда күн ысып,
Ала бұлттар шұбырып кеп су ішіп,
Арғымақтай жалбыр жалын сілкініп
Көл бетінен көшеді жай жылысып.
Табиғаттан еркінше мол сый алып,
Жатады айдын кеудесінде күй ағып.
Қарағайлар күнге күйген балтырын
Суға малып, қызарады ұялып.
Айнала тас қоршап алған жағаны,
Секілді ол осы көлдің қамалы.
Қос ескекті қатар сілтеп екі жас
Су бетіне өлең жазып барады.
* * *
Толастамай күн жауып тұр,
Сенің жасың ба екен?
Жаншылып жан қиналып тұр,
Оны қалай басып өтем?!
Гүлдер жатыр дауыл жұлған,
Сенің шашың ба екен?
Сол шашыңа жаным құрбан,
Оны қалай басып өтем?!
* * *
Таулардан асты қызыл күн
Алтайы түлкі түсіндей.
Көзіңнен бір жас үзілді
Мен жұттым жерге түсірмей.
Сол жасты жерге қимадым,
Сол жасты желге қимадым.
Сол жаспенен бірге сен
Қасіретіңді сыйладың.
* * *
Баян таудың ризамын жазы үшін,
Уақыттың тек өкінемін азы үшін.
Жел тілімен жетіп жырым биікке,
Құс тілімен көл бетіне жазылсын!