28.07.2021
  172


Автор: Сырбай Мәуленов

Қобыз

Дала бір жұлдызы жоқ қаралы аспан,
Көгінде ана зарлап, бала адасқан.
Үміт бір шала-жансар ақсақ киік,
Тағдыр бір асау құнан ала қашқан.
Күл болып ошақта оттар сеніп қалған,
Сұп-сұр боп бұлт адырда өліп қалған,
Аруана ауыр жүкті көтере алмай
Арқаның сауыры да шөгіп қалған.
Жер — жетім ыңыранып көз ілмеген,
Жел — жесір бебеу қағып безілдеген.
Көшкен ел сурет боп қатып қалған,
Түтіні тіршіліктің сезілмеген.
Кең дала, айдау жазық, кәрі адырлар,
Мұңлы өзен, сұрғылт аспан, қара құмдар...
Тізілтіп өтіп жатсың жолы ұзын қыр,
Ойнашы Ықыластың қобызын бір.





Пікір жазу