28.07.2021
  177


Автор: Сырбай Мәуленов

Соғыс жайын сұра сен

Бүгін тарих — жыр әсем
Қара шаштар қар шалған,
Соғыс жайын сұра сен,
Мың өлімді қарсы алған
Солдаттар мен маршалдан!
Соғыс жайын сұра сен,
Махаббаттан ерте өлген,
Жанған бір кез аспаннан,
Ормандардан өртенген,
Жараланған тастардан!
Соғыс жайын сұра сен,
Азынаған желдерден,
Қан боп жүзген көлдерден,
Көп адамды құшақтап,
Жатқан сонау дөңдерден!
Соғыс жайын сұра сен,
Бітпей қалған жырлардан,
Жағылмаған шамдардан,
Шашылмаған нұрлардан,
Атпай қалған таңдардан!
Соғыс жайын сұра сен,
Отамалы оттардан,
Жайпап өткен жер үстін,
Соңғы атылған оқтардан
Шашуы боп жеңістің!





Пікір жазу