Қайта қара мына туған жеріңе
Басқа жерге құмартасың кейде сен,
Сол туралы армандайсың сөйлесең,
Басқа жердің қызығасың қысына
Өз қысыңда жүрсең-дағы жейдешең.
Басқа өзеннің артық санап ағынын,
Басқа таудың мадақтайсың жауынын,
Өз жеріңді күнде көріп жүрген соң
Мүмкін оның білмеуің де қадірін.
Қайта қара мына туған жерге сен,
Тауы жатыр аспанына өрлесең,
Баулары бар көлеңкені іздесең,
Бұлағы бар қанып ішер шөлдесең.
Жалын атып өз жүзіндей шие, өрік,
Өз кеудеңдей жатар көлден күй өріп,
Өзені де толқын алып өзіңнен,
Таулары да тұрар саған сүйеніп!
* * *
Торғай сенің кішкене өзенің
Маған мұхит секілді,
Әлде сенде туғандықтан ба екен?
Торғай, сенің кішкене көбелегің
Маған самолет секілді,
Әлде балалықты көп қуғандықтан ба екен?
Торғай,
сенің қисық-қисық көшелерің
Маған түзу секілді,
Әлде көп жүргендік пе екен?
Торғай, сенен бұл дүниеде
Маған артық жер жоқ секілді,
Әлде қадіріңді білгендіктен бе екен?