28.07.2021
184
Көктемгі тілек
Өмір, мен сенен көп нәрсе сұрамаймын,
Мөп-мөлдір көгіңді берсең болғаны.
Күнінде жүз түлеген құралайдың
Көгілдір жеріңді берсең болғаны.
Өзіңше дүниеге қарауға
Жанарыңды берсең болғаны.
Өзіңше қанат бітіретін адамға
Қаламыңды берсең болғаны.
* * *
Кетті қашып қыс түнде
Қарын алып ұрланып.
Алматының үстінде
Нұрлы жаңбыр тұр жауып.
Келді бұлттар,
көктем боп,
Бұлбұл алып,
гүл алып.
Көз жасымен көкпеңбек
Сұр даланы суарып.
Февральдың айында
Жаз деміндей алған бір,
Қонып жатыр қайыңға
Қар орнына ақ жаңбыр.
Қардың суын бұлт ішіп,
Күш жинады қысты аңдып.
Тамшы болып тұр түсіп,
Жазға деген құштарлық.