Вокзалдар
Көкірегін тұман ыстап,
Жатты отта жанып өмір.
Вокзалдар шығарып сап,
Тұрды жылап ағыл-тегіл.
Вокзалдар — тірі халық,
Вокзалдар — толы адамдар.
Гүл орнына тұрды жанып,
Қан түсіндей орамалдар.
Жанды жолда вокзалдар
Тұншықтырып түтін ішін,
Қалды жолда вокзалдар
Бізді қайта күту үшін.
Вокзалдар — тірі адамдар,
Вокзалдар,
құламаңдар,
Вокзалдар,
жыламаңдар.
* * *
Түн
Қабағын ашпаған,
Бұлттарды аспан тастаған
Биікке өріп сөрелеп.
Мөлдір жұлдыздардай
Жауады жаңбыр себелеп.
Түн.
Ұйқыда жатыр жұрт
Жаңбыр жырлап әлі тұр.
Тек алыстан шақырып,
Сіздің үйдің шамы тұр.
Түн төңіректі қаптасын,
Бұра алмаймын ат басын.
Дауыл салып әуресін,
Маған дамыл бермесін,
Тек мен үшін,
сәулешім,
Сіздің үйдің шамы сөнбесін!
* * *
Жердегі өзеннен
Ауа бір бөлек өзен
Үйіме өзі еңген
Ұрланып терезеден.
Шаяды көкірегімді
Көктемнің жаңбыры боп,
Өтеді желпіп өңімді
Нәп-нәзік таң нұры боп.
Кеңітіп тынысымды
Жанымды жаңалаған.
Дыбыссыз тыныш үнді
Құдіреттей ауа маған.
Қасиет бөлек тұр онда
Жай көзге шалынбайды,
Бөлінген электронға
Ауа!
Ауа!
Үйімде адымдайды.
* * *
Алматының почта үйінің алдында
Өрік ағаш апрельде гүл атты.
Алматының почта үйінің алдында
Өрік емес, бір қыз тұрған сияқты.
Көрем оны сол өріктің түбінен
Ақшыл жүзі тұрады ылғи нұрланып.
Ол да жетер көктейтұғын күніне,
Өріктей боп алаулайтын гүл жарып,
Сол тұрғаны көктемнің бір құсындай,
Жерден үшып кететіндей гүл шаңы,
Сол өрікті қара дауыл ұшырмай
Ұрмаса екен сұлуды өмір бұршағы.