Апрель жаңбыры
Қыс бұлт болып тарады көктен,
Даланы алған қоршап қарымен,
Терезені қағады көктем —
Жаңбырлы саусақтарымен.
Күн қыс бойы тіл қатпаған
Күркірейді сөйлеп көгінен.
Көктем даланы құндақтаған
Жасыл көйлектерімен.
Күркірейді күн — ол бір жаршы,
Даусы зеңбіректен айнымаған.
Бұтақ бастарында мөлдір тамшы
Балапан көзіндей жаудыраған.
Апрельдің есті желі
Көк қанатын серпе жайған.
Көктем үні естіледі —
Бұлақтардан ерте оянған.
Қыс қар төсеп найза бойлар,
Жатты толқын ойлай алмай.
Жатты отты найзағайлар
Жарқыл қағып ойнай алмай,
Соқты боран, қамалады,
Дойбышыдай жүріс бермей.
Малшы қамын даладағы
Мен де ойладым министрдей
Құз қойнында ноян малшы
Табиғаттан тартты күйік.
Азынаған боран даусы
Құлағыма жатты тиіп.
Тұрды шопан қарсы алдымда,
Қалжырап ол шаршады ма?
Апта бойы бір жатпаған,
Жар төсегін аңсады ма?
Соның бәрі ақ боран боп,
Өтіп жатты жүрегімнен.
Көп күндерім өтті алаң боп,
Көктем, сені тіледім мен.
* * *
Ей, апрель жаңбыры,
Ашылсын дала бар гүлі!
Шаш мөлдір моншақтарды,
Тарт кемпірқосақтарды.
Күн күркіреп шашқан от,
Ойнайды дала қанында нұр.
Апрель жаңбыры бүкіл аспан боп,
Менің алақанымда тұр.