28.07.2021
  149


Автор: Сырбай Мәуленов

Дос сыры

1
Кейде, досым, ұйқың қашып,
Ойға аласың өткеніңді.
Иығыңды күз бұлты басып
Аңсайсың жас көктеміңді,—
Деп бір досым ақтарады
Кеудесінің мұнды зарын.
Талай жылдан сақтап әлі
Шешпегендей бұл жұмбағын.
— Теңеп ақын аспанына,
Сұлулықтың әлемі дер.
Деревняның бас жағында
Дөңгеленген бар еді көл.
Шомылатын бір күлім көз
Ойнағандай суда шабақ.
Бойды билеп от діріл тез,
Тұра алмаушы ем тура қарап.
Іштен қайнап күйіп, өліп,
Жүрек кілтін бір аша алмай.
Көл бойында жиі көріп
Жүрдім әттең сырласа алмай.
Ойда жоқта оқ атылып,
Бір күн майдан дабыл қақты
Өліктерден оба тұрып
Жердің жүзін жалын жапты.
Кеттік үнсіз кекке мініп,
Келтірмеді соғыс тілге.
Топтан оқшау шетке шығып,
Тұрды сол қыз жол үстінде.
Күт — дедім мен батылданып,
Күтемін!— деп қалды маған.
Кеудеме бір от ұрланып,
Түсті көзден жаудыраған.
Ойлар тулап жүрегімде
Мазамды алды сол кеш менің:
«Күт дегенше жүрерімде
Неге кеше сөйлеспедім?!»
Тұр ма деп қыз әлі кетпей
Қарай бердім жол шетіне.
Жас қайыңды жарып көктей
Бір найзағай бөлді екіге.
2
Зырлады күн ұшқыр оқпен
Қан майданда қатар ұшып.
Қарлығаш боп түсті көктен
Жүрдік біздер хат алысып.
Жүрегіме хатын тақап,
Тыға түсем мен қойынға.
Жүр ме еркем атымды атап,
Жалғыз өзі көл бойында.
Оқимын мен отыра қап
Ертенгілік, кешкілікте
Хатты жүрек отына орап
Көрсетпеймін еш жігітке.
Адам қандай бақытты еді
Арман болса біреу үшін.
Сақтап жүр ме уақыт мені
Адал жардың тілеуі үшін.
3
Жатты алда шегі жоқтай
Жаралы жер, қанды соқпақ.
Қуаныштың желі соқпай
Бір күні хат қалды тоқтап.
Аш қасқырдай жел өршіді
Жерді тырнап қар боратып.
Көрінді ақ көгершінді
Түсіргендей жаулар атып.
Күттім хатты таң атарда
Келер ме деп таң нұрымен.
Күттім хатты күн батарда
Табысардай тағдырыммен.
Қараймын мен хат жолына
Бақыт құсы ұшты менен.
Деревнямыз жат қолына
Жетті хабар түсті деген.
Алуан сұрақ келді ойыма
Табам оған жауап қандай.
Сол баяғы көл бойында
Болды қызды жау атқандай.
Қан ұялап жанарыма,
Қалшылдаймын кегім қайнап.
Әлде қызды барады ма,
Германия жеріне айдап.
Өртенгендей күллі атырап
Көз алдымнан өтті от боп.
Тым болмаса бір жапырақ
Қыздың хаты кетті жоқ боп.
Адам қандай бақытты еді,
Күтіп жүрсе жары ұяда.
Кеткендеймін батып тегі
Түбі жоқ бір дарияға...
Бітті соғыс жау жеңілді,
Кірді дұшпан көр қойнына.
Көрдім аман-сау елімді,
Келдім тағы көл бойына.
Жаудың ізі — жатыр қабыр
Қарауытып жар басында.
Ұмытылмас ақырда бұл
Кетер жыр боп сан ғасырға.
Деп жолдасым күрсінеді,
Осы әңгіме бар түйіні,
Маңдайда әжім тұр сілемі —
Қосылмаған жар күйігі.





Пікір жазу