28.07.2021
  181


Автор: Сырбай Мәуленов

Көздердің қарашықтары

Осы бір қара көздерде
Мейірім, жылы күлкі бар.
Атылар кейбір кездерде
Ашу бар,
аспан бұлты бар.
Жүгіріп жатқан ағын бар,
Құбылып жатқан сағым бар,
Сақылдап жатқан дауыл бар,
Лапылдап жатқан жалын бар.
Реніш, қайғы, рақым -
Тоғысқан барып әммесі.
Көз-айна толқып тұратын
Сезімнің бүкіл сәулесі.
Бар онда көктем гүлдері,
Бар онда ауа шықтары.
Адамның жанған күндері -
Көздердің қарашықтары.





Пікір жазу