28.07.2021
155
Қанжар мен қалам
Қанжар
Қалған жүзін тот басып,
Қанжар айтты қаламға.
Қара түнде от шашып
Жүрдім сонау заманда.
Ақ жүзіме қан тамды,
Ақ жүзіме жас тамды.
Салдым ойран талқанды,
Шаптым талай бастарды.
Ойыншық боп мен бүгін
Айбынымнан айырылдым.
Қалды адыра өрлігім,
Шегі жоқ бұл қайғымның.
Қалам
Қалып едің қадалып,
Талайдың көз жасына.
Қайғы бұлты оралып,
Қонды ма өз басыңа.
Мен ақынның қолында,
Жорғаладым тынбастан.
Менің жүрген жолымда
Қалды талай жыр-дастан.
Мен өлімге қарсымын,
Мен өмірге жаршымын.
Мен заманның дауысымын,
Осы менің бар сырым.