28.07.2021
  154


Автор: Сырбай Мәуленов

Қыран ұясы

Тұнған бұлт жылғалардың жырасына
Тастардың иығында тұр асыла.
Құздардан қиқулаған тас бұлақтар,
Оралған жолаушыдай жыр асыра.
Мекені биіктегі күннің қасы,
Кавказдың жалтырайды шың қиясы.
Бұлттардың қонақтайын тұғырындай,
Басында қырандардың тұр ұясы.
Алыстан асқақтайды ұлы мүсін,
Аңғартпай құпия бір құбылысын.
Қыранның жүрегіндей жүрек керек
Басына сол биіктің шығу үшін.
***
Бұлт бұрқырап, от дауылдар төнсе егер,
Қайыспайтын қара емендер теңселер.
Теңселмес те, тербелмес те дауылда
Қасындағы жолдасына ер сенер.
Қатар жатқан таулар өсер аспандап,
Көп бұлақтар көтереді тастарды ап.
Түн жамылып қалар қайың қабақта
Жалғыз болса қабағынан жас парлап.
Шіркін достық, бір өзіңе не жетсін,
Жай ойнасын, көкте бұлттар селдетсін.
Өрт боп жерге түссе-дағы күн құлап,
Жалғыз өзің соған төтеп бермексің.





Пікір жазу