28.07.2021
  152


Автор: Сырбай Мәуленов

Дәуір дауасы

Жаңғырып орны жараның,
Жазылып әлі кеткен жоқ.
Жоғалтқан ұлын ананың,
Көз жасы әлі кепкен жоқ.
Жабысқан соғыс суығы,
Денеде жатыр дерт болып.
Шырпыдай жанған шыбығы,
Елестер орман өрт болып.
Тауларды бомба төңкеріп,
Өмірге оқтар дақ салған.
Жиырмада өлең өртеніп,
Жиырмада шашты ақ шалған.
Жаралы ол да қарлығаш,-
Қаралы хабар, қанды хат.
Қалды ғой тұл боп қарындас,
Жаңбырлы көзі жаудырап...
Жорыққа бүгін шықты жұрт,
Жоюға соғыс тұманын.
Тыңдады дүние тік тұрып,
Коммунистер ұранын:
Түспесін ауыр басқа күй,
Болмасын соғыс - қанды апат.
Қалмасын жетім жас сәби,
Қалмасын жесір махаббат!
***
Көңілде толқып ой нендей,
Өткізсең толқын түндерді.
Өмірдің аты бой бермей
Тартады жұлқып түндерді.
Қыс келсе қайта табылып,
Жоғалтқан жазда күмісі.
Келеді көктем сабылып,
Оның датығыз жұмысы.
Тапқанша жүрек дауасын
Басылмас жанның іңкәрі.
Тартады өмір шанасын,
Уақыттың жүйрік тұлпары.





Пікір жазу