28.07.2021
  160


Автор: Сырбай Мәуленов

Солдат пен құс

(Баллада)
Соғыс күндей күркіреп дабыл қағып,
Айналаны орады жалын жауып.
Ұшып түсті бұтақтан кішкене құс,
Қанатынан дірілдеп қаны ағып.
Жалғыз тамшы көктемнің жаңбырыңдай
Түсті үзіліп, орнынан қалды тұрмай.
Момын еді ешкімге жазығы жоқ,
Таза еді жүрегі таңғы нұрдай.
Өрттен кешке ес жиып шыққанында,
Тартатұғын жем тастап жұрт бауырға.
Жығылды ол. Жылжыды бір жауынгер
Бишараны өлімнен құтқаруға.
Аяп кетіп жаралы құсты құйттай,
Ажалменен айқасқа шықты бұқпай.
Солдат құсты қолға ала бергенінде
Оқ қадалып, домалап ұшты мұрттай.
Ұрыс кешке толастап тынғанында,
Екі өліктің достары тұрды алдында.
Құсты қойып солдаттың кеудесіне,
Көмді апарып екеуін бір қабырға.
Оба тұрып орманның бір шетіне,
Дірілдеді қойылған гүл бетіне.
Екі дүркін от шашып оқ атылды
Бірі - солдат, бірі - құс құрметіне.
***
- Сен мені ойладың ба?
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.
«Жүрмеймін, көтермесең», -
Деп маған еркелейсің.
Өтірік кетем десем,
«Кетпеші, ерте», - дейсің.
Айтасың: «Ұрсып анам,
Жөнімді сұрады», - деп.
- «Болдым-ау қырсық саған», -
Деймін мен жылағым кеп.
Сен мені жұбатасың,
Мен сені жұбатамын.
Кетпеген балалығы
Кейпіңді ұнатамын.
- Сен мені ойладың ба?
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.





Пікір жазу