Бақыт кітабы туралы баллада
І
Қауіп қатер үстінде боп бұл жалған,
О, балалар, артта қиын жол қалған.
Инженердің дипломы қазіргі
Солдаттардың қанымен қорғалған.
Оқта өстік, отта өстік шынығып,
Ол күндердің бола алмайды бірі ұмыт.
Айтар еді талай қызық әңгіме
Со бір солдат түрегелсе тіріліп.
Оқасы жоқ ол кездерде жас болсаң,
Соғыс деген суық сөзден жасқансаң.
Ауыр күнә еске алмасаң солдатты
Бүгінгі күн кеуде қағып мақтансаң.
Қалдың ба әлде бұл сөзіме тосырқап,
Мақтаншақтан болғайсың сен досым сақ.
Сенің үшін кеше солдат су кешті,
Сақта оны көкірегіңде жас ұрпақ.
Білсін олар кезсе мектеп залдарын,
Білсін олар тапса бүгін арманын.
Сол арманды, сол залдалды қорғаған,
Қарапайым қасиетті жан барын.
Олар мүмкін біздерменен бір жүзіп,
Қояр ма еді әзілімен күлдіріп.
Біреулері ұшар мүмкін айға да,
Алдағысын айта алады кім біліп.
Біздер үшін олар кеше көз ілсе,
Сен өмірін жалға оның өзінше.
Өлген жанның хикаясын жырлайын,
Ерсі болмас мақтамасаң көзінше.
ІІ
Шабуылдың қағылды да дабылы,
Аттанды өңкей намыс пенен ар ұлы.
Орта долда қайран солдат құлады,
Осы жерден қазыла ма қабірі?
Қайран солдат қайрат жинап, күш қылып
Үш жығылды, орнынан үш тұрып.
Ессіз-түссіз... әкетті оны нән неміс
Қолтығына ырғап алып қыстырып.
Оқ мүжіген омыртқаның ортасын,
Жарықшақтар жалап өткен арқасын.
Бүкіл фашист бәрі бірдей жабылып
Тірі өліктің тінтеді кеп қалтасын.
Жастық шіркін жәрмеңкесі тарқаған,
Жатты алда қансыз-сөлсіз жарты адам.
Тіміскіп жау түрткілеп те, тінткілеп,
Бір кітапты тауып алды қалтадан.
Сұрағандай бір-бірінен сүйінші,
Кетті жаудың қуанғаннан тынышы.
Сол кітапта жатқандығын білмеді,
Солдат емес, бүкіл оның үй іші.
Күңгірлейді жат тілдерден көп-апан...
Заңмен мұны жазаламақ бір қатаң.
Білмеді олар сол кітапта жатқанын,
Солдат емес, социалистік ұлы Отан.
Біреу айтты: - Ұйқыдан бұл тірілсін,
Тілдесейік көп сырлары ұғылсын.
Бұл кітапты баяндасын бишара,
Содан кейін өкпесін оқ суырсын...
Бұл тұжырым қалды-дағы күшінде,
Жатты солдат көр-апанның ішінде.
Жан анасы, бал баласы, жас жары
Қолын бұлғап шақырды оны түсінде.
Бар еді оның кішкене үйі ал жаңа,
Желмен бірге тербелетін тал ғана.
Бар еді оның бір кішкентай баласы,
Көңілінде қалыпты оның сол ғана.
Отты жылдар түссін мейлі араға,
Онда құрмет ана менен балаға.
Қызыл кітап кітабы бұл бақыттың,
Әр сөзі оның сүле берген санаға.
Есі-дерті алыс қалған ел болып,
Ақты жасы қара көзден көл болып.
Қара бұлтты қақ айырып қырандай,
Қиялы оның қанат қақты жел болып.
Сандырақтап естен танған кісідей,
Қалды ол кенет ешнәрсеге түсінбей.
Конституция оған сол кез көрінді,
Байтақ Отан, бүкіл үйдің ішіндей.
ІІІ
Ертеңіне қолына сол кітапты ап,
Кешегілер қоршады оны сұраққа ап.
Айтты ол: - менің өмірім мен бақытым
Жатыр осы кітабымнан бұтақтап.
Бұл кітапта жер мен аспан бәрі бар,
Бұл кітапта елдің еркін жаны бар.
Бұл кітапта: «Қорға деген Отанды»
Оқып қара, қасиетті заңы бар.
Осы кітап ар-намысым, ұжданым.
Осы кітап, өз Уставым, өз заңым,
Басқа заңға бағынбаймын! Өз халқым
Білемін тек маған арнап жазғанын.
Фашист:
- Есіңді жи, тұтқында ғой бұл бір заң,
Алыс болар аспандағы жұлдыздан.
Солдат:
- Өз заңымды өлгенімше білемін,
Маңдайымнан бақ жұлдызын туғызған.
Фашист:
- Заңымыз бар бағынасың сол заңға.
Тұтқын солдат:
- Бағынбаспын тірлікте, бұл жалғанда,
Фашист:
- Үкім біреу. Атыласың... Кетесің...
Үй-ішіңмен бақылдаспай арманда.
Тұтқын солдат:
- Саған тұтқын, саған пенде болғанша,
Менің үшін қауіпті емес ол онша.
***
...Түн ішінде өлтірді оны дарға асып,
Жатты өмірі жұлдыз болып жалғасып.
Қараңғы түн сол кітапты өртеді,
Күн болып ол күлімдеді ертеңі.
***
Көк теңіздің менен несін сұрайсың,
Теңіз сені аспанға атса шыдайсың.
Тереңімен теңдестіріп ойыңды,
Толқыны мен қайратыңды сынайсың.
Сирек болар дем алатын бір кезі
Асау теңіз ала күлік мінезі.
Алас ұрып ақ көбік боп жатады,
Дүниені билегендей бір өзі.
Теңіз саған тегін бермес үлесін,
Теңіз болып күңіренесің , күлесің.
Теңіз болып долданасың, тулайсың,
Сонда ғана теңіз жайын білесің.