Терек пен тал
Теректің ұрлап жалынын,
Кетсе де жылдар еңкейтіп.
Жанында жайып тамырын
Талдар тұр оны көркейтіп.
Дүниені нұрға бөлеп бір,
Жасайды талдар иелік.
Құламай кәрі терек тұр
Соларға енді сүйеніп.
* * *
Ашуы қайнап ашынып,
Кемерге шапшып асылып.
Көз жасы ұшып көбіктей
Бұрқырап бұлтқа шашылып.
Жатады теңіз кей кезде
Дүниені жалғыз басынып.
Жаңағы жыны басылып,
Жасамай енді асылық.
Алқаракөк айдыны
Айығып бұлттан ашылып.
Жатады теңіз кей кезде
Кешірім сұрап бас ұрып.
Баяғы толған кезінде
Болса бір жанмен ісі жоқ.
Көрінер теңіз көзіңе
Момақан енді кісі боп.
* * *
Шықылықтап сауысқан,
Ызыңдайды күз желі.
Оңтүстікке ойысқан,
Тырналардың тізбегі.
Сезетіндей олар да,
Туған жердің не екенін.
Айналады ауарда
Бауыр басқан мекенін.
Ыстық жазғы тұрағы,
Қия алмайды құс мүлде.
Төңіректеп тұрады,
Туған жердің үстінде.
Қия алмайды Арқаны,
Қалған әбден достасып,
Қарай-қарай тартады,
Қиқу салып қоштасып.
* * *
Қолда барда құны жоқтай алтынның,
Білінбейтін бір қыры бар әркімнің.
Сол қырлардан көк құрыштай құйылып
Сом тұлғасы жасалғандай халқымның.