Қысқы күн
Жөнелді жылы жаққа қаз,
Көлінен қуып қыс деген.
Жайылды жерге ақ қағаз,
Жазулар әлі түспеген.
Теңселіп тентек бораннан,
Басында қатып бал мұздақ.
Теректер көкке қадалған,
Телміріп жерден андыздап.
Ай аспанда тағадай,
Өзендер киген көк көйлек.
Жел бір мазаң баладай,
Қатырған басты көп сөйлеп.
Лақтырған аспан саулатып,
Жұлдыздай қардың ұшқыны
Тұрғандай жазды толғатып,
Аязды, ойлы қыс күні.
* * *
Асқардың басын шалған бұлт,
Төгілді жерге жаңбыр боп.
Кетпеді босқа ол қаңғып,
Көрінді көзге шалғын боп.
Күз тырнамен ұшса да,
Бермеді шалғын түсін көк.
Тұрды одан қатал қыста да,
Жаңбырлы жаздың исі кеп.
* * *
Кетпейді қалған қар қонып,
Алатаудың басына.
Кетпейді қалсаң шал болып,
Қонған қар қара шашыңа.
Ақ қардай жанда қалмай кір
Ұмытар едің қайғыңды.
Шіркін-ай, Алатаудай бір
Бола алсаң сонда айбынды.
* * *
Бұлттардың көз жасынан,
Телегей-теңіз жасалған.
Тебірене толқып тасыған,
Теңіздің жаны — асау жан.
Таң атып, күн батқалы
Көрмейсің тынған бір кезін.
Күркіреп тулап жатқаны
Кеудеге ұрып күнде өзін.
Жар жағалап шарлаған
Баяғы бала қалпында.
Тереңнен бір күй толғаған,
Теңіздің тілі — толқында.