27.07.2021
  107


Автор: Сырбай Мәуленов

Жиырма алты комиссар

Станция алыс қалды,
Қалды кейін тау оттары.
Жиырма алты комиссарды
Келеді айдап жау атқалы.
Шулап теңіз тартты күйік
Ащы даусы ұлып желдің.
Ағылшындар жатты киіп,
Бөріктерін түркіменнің.
Жолы болмас көзге ілінсе
Жау абыржып асығуда.
Айла жасап өздерінше
Ойлайды ізін жасыруға.
Аяқталмақ азап күн бұл
Ақырында жапан түзде.
Қол-аяғын қажап шынжыр
Келе жатыр Джапаридзе.
Тұрғанында ұлы халық,
Қаһарманға қаза жоқтай.
Шаумян ойы түнді жарып,
Жарқырайды маздап оттай.
Оқ орнына өзі ұшып,
Бірде жауға атылғандай.
Бірде алыстан көзін қысып,
Баку оты шақырғандай.
Бірде Каспий аударылып,
Құлағандай дәл алдына.
Жұлдыз болып жанған үміт
Әкеткендей жоғарыға.
Жер жемісі тоналғандай,
Бірде ашады аштық аран.
Бірде ол жаңа оралғандай
Лениннен — Москвадан.
Революция ұлы ісіне
Жұмсаған күш, бар ақылын.
Келеді ол түн ішінде
Алдында ажал сағатының.
Құстай ұшып құйындайды
Алабұртып көңіл тағы.
Бұларға ертең бұйырмайды
Жайнап туар өмір таңы.
Қап-қара аспан жел дауылды
Алапты алып жатыр бүтін.
Тосқан алда көр-қабірді
Қанға сусап ақырғы түн.
Тоқтатты әкеп Ақшақұмға,
Айнала сол түн меңіреу.
Тығылып жар жапсарына,
Тәртіп беріп тұрды біреу.
Салып жатты оқты түйдек,
Жанталасты жау төгіп тер.
Ағылшынша жатты сөйлеп,
Ала шапан, дәу бөріктер.
Комиссарлар алдында тұр
Қарап түнге ақтық рет.
Соңғы тыныс шағында бұл
Тудай тулап соқты жүрек.
— Қарақшы жау қанды шоқпар
Жете алмассың арманыңа.
Түнде ұшатын жарқанаттар
Жарық күн бар алдарыңда.
Түспес түрме зынданына
Оққа ұшпас елдің бәрі.
Большевиктер тұрғанында
Қайтарылар ердің қаны.
Мен көп болса жасамаспын,—
Жаса, өмір! Жаса, жас күн!
Деді Шаумян, өксіп желмен
Күңіренгендей қоса тасқын.
Винтовкадан ұшты зулап,
Ұшқын шашып ажал-оқтар.
Түн қойнына түсті құлап,
Есіл ерлер, азаматтар.
Кетті ұзақ жылға даңқы
Жапса да ұйтқып қарыспа құм.
Туымызда жиырма алты,
Қандары бар, комиссардың.





Пікір жазу