Жетісу
Астасқан аспанменен асқарлары,
Секілді жер мен көктің баспалдағы.
Табиғат құдіретімен қиысып кеп,
Қаланған ескерткіштей тастан бәрі.
Бұлттардың орнатылған тап қасына,
Шығыстың ұқсап биік қақпасына.
Адырлар жарқырайды айнадай боп,
Күн көзі шағылғанда ақ басына.
Құтырып қиқу салып құлап таудан,
Сапырып жердің қойнын су ақтарған.
Әупілдеп түйе тасты лақтырғанда,
От ұшқан бұйра жалды бұлақтардан.
Кен екен қаптап қойған жар асуы,
Құздардың қопарылған бар асылы.
Қаймақтай қазандықта қалған қатып,
Текелі тауларының қорғасыны.
Аршалы салқын сая көлеңкесі,
Бақшалы алтын ая кең өлкесі.
Табиғат беттен қақпай мәпелеген,
Жетісу — сері жанды жер еркесі.
Жебе шың жабысып жер денесіне,
Қондырған мұз балағын төбесіне.
Басында баран атты қария жүр,
Қой жайып Желдіқара белесіне.
Құздардан тентек сулар тұра қашып,
Бірге аққан қол ұстасып, ұрандасып.
Аймалап Арқарлының асуларын,
Алғандай аясына мұнар басып.
Әуені жаңғырығып алты қырдан,
Ұшқандай қанат байлап ән тұғырдан.
Жоңғардың қақпасының қоңыр желі
Көтеріп әкеткендей қолтығыңнан.
Көздердің қарағанда жауын алып,
Құбылтып күн шапағы тауын шалып.
Жетісу көлбең қағып тұрып алды,
Жасаған жаратылыс жанын салып.