26.07.2021
  143


Автор: Сырбай Мәуленов

Өлмес өмір

(Фучик туралы)
I
— Қімсің сен,
кімсің сөйле,
кімсің,— дейді.
Ол үнсіз.
Ешқайсысын менсінбейді.
Ұр кәне,
бір,
екі,
үш,
тағы,
тағы.
Тұралап тіл қатпаса өлсін мейлі!
— Қой тоқта, тағы да мен ерік бердім,
Жан керек болса айтсын серіктерін.
Бос қулық, әкелейік керек болса,
Ұсталған достарының өліктерін.
Ол үнсіз.
Қан түр бетте соқталанып,
Ол үнсіз.
Ұстады оны отқа қарып.
Қанша ұрды,
Қанша тепті...
Қара сызық
Маңдайға түсе қапты ноқталанып.
—Өлді ме?
— Жоқ, өлген жоқ, әлі тірі.
Болады мұндайлардың жаны сірі.
—Орнынан түрғызыңдар сүйемелдеп Жауап ап бір байқайық тағы мұны.
Фучикті көтермелеп екі жендет,
Тұрғызды өктем сөйлеп әкіреңдеп.
Офицер наган алып тап-тап берді,
Табанда тіл қатпаса өлтірем деп.
Түнеріп төбесіне төнді келіп,
Фучиктің кетті жаны тебіреніп.
Ызаның отты ұшқыны көзінде ойнап,
Кеудесін дүбірлетті кегі теуіп.
Маңдайдан офицерді өтті періп,
Фучикті сан жұдырық кетті көміп.
Жаралы жанды жаншып, ажуалап,
Аямай аяққа сап тепті келіп.
Қайтадан халі бітіп танды есін,
Қызыл қан жауып кетті бар денесін.
—Үстіне су құйыңдар шүмектетіп, Қайткенде айтқызамыз әңгімесін.
Сағат төрт.
Білінді ме таң арайы,
Арсылдап көшеде иттер абалайды.
Тұтқынның тарс жұмылған екі көзі,
Дәл қазір бұрынғыдай қарамайды.
Көрмейді ол көктің күңгірт жұлдыздарын,
Сезбейді ол лебі суық түн ызғарын.
Сезбейді ол
жерді,
көкті,
өзенді де.
Сезеді тек күресте ұл-қыз барын.
— Тағы құй, тағы да құй бір аңырма,
Қоймаймын жауап алмай сұрағыма.
«Әйелін әкеліңдер!» деген бір сөз
Фучиктің шалынды еміс құлағына.
Ойпырым-ау, шыны ма осы, арбауы ма,
Әлде о да түсті ме жау қармағына.
Ес жиып Густа деген бір есімнен
Қарады Фучик жайлап жан-жағына.
Көзінің ашты әзер қарашығын
Қан жатыр, үсті толы қара шыбын,
Бұл халде қалай көрмек, қалай көрмек
Өзінің дүниедегі жанашырын.
Ол қазір мұны көріп сөгілер ме?
Көзінен жас бұршақтап төгілер ме?
Құтқар деп жан жарымды қанды азаптан
Жауына жалбарынып егілер ме?
Өкініш онда тағдыр қосқанына
Жоқ, ол көнбес қиындық, тосқауылға.
Густа, сен менің сүйген жарым болсаң,
Кеудеңді маған ұқсап тос дауылға.
Егерде ол көнсе жаудың жарлығына,
Әшкере болмақ істің барлығыда.
Жуытпау Фучик ойы қайткенде де,
Еш қауіп партияның тағдырына.
Қиялмен болжап келер қиындарды
Есін тез жиып алды, жиып алды.
Өз қанын сүйгеніне көрсетпеске
Қайтадан жүрегіне құйып алды.
Секілді еден беті қанды табақ,
Қалдырмай жұғынын да алды жалап.
Сықырлап сол мезетте ашылды есік
Бір таныс суретке қалды қарап.
Густа ғой бұл, Густа ғой, жүдепті ғой.
Бір ауыр қабағына түнепті ой.
Қөрдің бе жау алдында тәкаппар тұр,
Күреске күшін жиып билепті бой.
Жауса да полиция сұрақтары,
Ол басқа «білмейміннен» тіл қатпады.
Сыр ашпай қас дұшпанның қарсы алдында
Тапжылмай бір сөзінде тұрақтады.
— Ризамын, достым, жасып налымадың,
Рақмет, бұл арада танымадың?
Ерлікті өз бойыңнан көргенімде,
Мен қалай жауға еңкейіп, табынамын?!
Соңғы рет бір-біріне қадалды көз,
Сол көздер ұшқынынан таралды сөз.
Ұғысты екі жүрек үнсіз-түнсіз
Болса да қалшылдаған қаһарлы кез.
Жарының өшер ме екен бұл көздері,
Бұл көздер нұрлы еді бір кездері.
Бойына қайта айналып қайрылар ма
Байсалды қарапайым мінездері.
Жалыны жүрегінің тез өшер ме?
Әйтпесе тағы айналып кездесер ме?
Таңында табиғаттың басын қосып
Арманын екеуі бір мезгесер ме?
Көздерден осы сөздер тұрды сайрап,
Густаны гестапошы кетті айдап.
Тіс жарып, тіл қатарлық шамасы жоқ
Қайран ер қала берді көзі жайнап.
II
Міне, осы Гестапоның тас түрмесі,
Адамзат өмірінің қас күндесі.
Жорғалап қанды сорып қандаласы,
Жабылған өздеріндей аш бүргесі.
Ызғары мүмкін емес шешінгендей,
Жері жоқ аяқты да көсілгендей.
Бір жанып, бір сөнеді сықсима шам
Біржола үмітіңді өшіргендей.
Қазылған екі метр төмен жерден,
Темір тор терезесі шегенделген.
Дауысы еш адамның естілмейді
Тірідей көміп қойған терең көрден.
Дүниенің сонда толған бар ласы,
Сұп-сұрғылт тұнжыраған қабырғасы.
Күп-күңгірт ажалдың бұл апанында
Талайдың қу сүйек боп қалды басы.
Келеді құмырадай қу ыдысы,
Жарманың жалт етеді бір уысы.
Берсе егер бұл жарманы екі мезгіл
Болғандай тұтқындардың о да ырысы.
Жұмылып жұдырықтай көзі кеткен,
Ернінің ебі де жоқ, сөзі кеткен.
Тұлыптай тұла бойы жатыр Фучик
Ажалдың осы шығар кезі жеткен?!
Бар еді мұнда екі тұтқын адам,
Жандарын жау қанжары сұққылаған.
Бишара өлді ғой деп басында боп,
Күдерін түнде үзіп шықты мұнан.
Тоқтамай жарасынан қаны тамып,
Таң ата тағы Фучик қалды талып.
Қарт тұтқын қайта-қайта суды бүркіп
Маңдайын орамалмен қойды таңып.
Жас тұтқын басында отыр жаны егіліп,
Күрсініп ауыр дем ап аракідік.
Қолын сап кеудесіне, жүрегіне
Қарайды тағат таппай шал үңіліп.
Жатыр ол
жатыр ессіз қалыбында,
Сезбейді күзетшінің адымын да.
Жатыр ол жолдастарды көрмейді де
Өзі үшін тұрған батып ауыр мұңға.
— Көрінді таңы, әні Праганың,
Тұр, досым, аздан кейін шығады күн!
Ол үнсіз,
ол сезімсіз
әлі жатыр,
Кім білсін төсегінен тұрар мүмкін?
Жас жігіт тұрып қалды ауыр ойда,
Шал айтты:
— Құтқарудың қамын ойла.
Ажалдан арашалап алып қалсақ
Біздердің жеткеніміз абыройға.
III
Мұнда ол қалай келді, қалай келді,
Қимылсыз тас төбеге қарай берді.
Біртіндеп әлсіреген денесіне
Жалындай өмір қаны тарай берді.
Жендеттер жүр еді ғой жолын аңдып,
Қалайша қолға түсті болып аңғырт.
Қадалды қалай тоғыз револьвер
Түспеді терезеден неге қарғып?
Бойында қайраты бар, күші мықты,
Жасайды ерлікпенен кісілікті.
Барлығы партияның тағдыры үшін,
Барлығы өзіне аян, түсінікті.
Қарады ол төңірекке ақырындап,
Темір тор, тас қабырға жатыр шырмап.
Фучиктің бас жағында екі тұтқын
Қуанып бір-біріне отыр ымдап.
Күлді олар енді өлімді жеңді ғой деп,
Өмірге қайта туып келді ғой деп,
Екі түн ессіз-түссіз жатқан жайын
Екеуі баян етіп берді сөйлеп.
Достарын ол осындай талай көрді,
Көз алмай кезек-кезек қарай берді.
Біртіндеп әлсіреген кеудесіне
Жалындай өмір қаны тарай берді.
IV
Өрмелеп ұлпа бұлттың етегінен,
Күн көзі көк аспанға көтерілген.
Телміріп темір тордан сығалайды,
Тұтқынның танысқандай мекенімен.
Өлімнің қолдан соққан обасындай,
Мүжілген не заманның моласындай.
Тұр бөлме қабырғада қары еріп,
Тұтқынның көз жасының сорасындай.
Ішінде терең зындан осы абақты,
Адамның жас пен қаны қоса ақты.
Шыңдалған кек оты мен шынжыр торда
Әр жанның кеудесінде құса жатты.
Тұрды оның әлі талай алдында сын,
Көтеріп төсегінен алды басын.
Арманы құлшындырып алға сүйреп,
Ұстады қолға отты қарындашын.
Шақырып күреске бар ызалы елді
Жазды ол,
жазды,
жазды,
жаза берді.
Ұшқыр ой, жүйрік қалам, өмірге өрлеп
Уақыттың кемесінен оза берді.
Жер мен көк қарауытты күйінгендей
Сезгендей тұтқын жанның күйін нендей.
Арманын толғай берді, толғай берді
Түйіліп ойға батып түк үндемей.
Түрменің тастан соққан жарын жарып,
Айбынды үн бара жатты дабыл қағып.
Аттанды келешекке әрбір сөздер
Фучиктің қаламымен қаруланып...
Өтті күн,
өтті айлар, өтті жылдар,
Зымырап атқан оқтай отты жылдар.
«Біткен жоқ күрес әлі,
күрес әлі
Дүние адамдары сақ болыңдар!»
1951-1953





Пікір жазу