26.07.2021
179
23 февраль
Февраль ғой белгілі
Түсіп жатыр қар шұбап.
Біз отырмыз бұл күні
Мерекені қарсылап.
Қайда болдық, жазулы
Медальдардың жүзінде,
Атағымыз қазіргі
Тұр әскери тізімде.
Дастарқанға бір дүкен
Қөшіп келіп, көлбеді.
Ортамызда ең үлкен
Жолдас майор сөйледі.
— Еске түсті солдаттық
Мен болдым ғой жол бастар
Ал кәнекей,
бір тарттық,
Лейтенанттар, жолдастар.
Отыздарда жасымыз
Жасықпыз ба, осы біз.
Келіншектер күлгендей,
Ағарыпты шашымыз.
Торлады өлім әр түні
Жасыратын жоқ халім.
Ұрған шығар салқыны
Зуылдаған оқтардың.
Қартаймайтын мәңгілік
Сау болыңдар, солдаттар!..
Рюмкалар қағылып,
Ішімізде жанды оттар.
Майданға әнмен барғандар
Тұра ала ма әнді айтпай?
Қақпа алдында жауған қар,
Февраль тұр солдаттай.
1953
23 февраль мереке солдат Медаль сырбай мәуленов Сырбай Мәуленов шығармашылығы Сырбай Мәуленов өлеңдері