26.07.2021
  204


Автор: Сәкен Иманасов

Зейнеп Қойшыбаеваның қазасына

Алпыс бес жыл арманға бет түзей кеп,
бұйырды ма дегенде текті зейнет,
бәрімізді бір сәтте зар еңіретіп,
арамыздан өтті де кетті Зейнеп!
Жібек болып есті де жастан үнің,
адам түгілі,
жібітті тас тамырын,
Алакөлің өсірген бір гүл едің,
бұлбұлы едің алты алаш аспанының!
Үлгі болып үнің де,
сөйлегенің,
адалдықты
өніңмен бейнеледің.
Бибігүл де, Роза,
Күләш те емес,
жеке дара жаралған Зейнеп едің!
Тамағында тоты құс тұрғандай-ақ,
Басушы едің көк шалғын қырларға аяқ.
Қазақ қанша
тамсанып келе жатқан
сенің сұлу үніңе бір қанбай-ақ.
Ертіс,
Іле,
Еділ боп есілді үнің,
Жіпке тізе берейін несін бүгін, –
Тағдыр деген шіркінге дауаң бар ма,
Бұлбұлдың да біржола өшірді үнін.
Жігіт едім жібіткен тасты мен де,
көңілімді ұқ,
көздегі жасты көр де,
күңірен халқым,
Зейнебің кете берді
енді қайтып оралмас гастрөлге!
Бітпей жатып әніңнің шырқап бәрін,
қандай ауыр қаралы гүл таққаның!
Қош бол, Зейнеп,
халқың бар сені ұмытпас,
жоқтатпайды орныңды ұрпақтарың.
Жүрегіміз соғуын тоқтатқанша
еске алармыз Сені біз
жоқтап қанша!
Арманы жоқ адамның
Зейнеп салған
жолдай болып соңында соқпақ қалса!





Пікір жазу