26.07.2021
  159


Автор: Сәкен Иманасов

Талдықорған қайтадан облыс орталығы болғанда

Басылып бұрынғыдан сәл-пәл еңсең,
бұйыға қарап қалып қанша келсем,
көңілің күнге толар осы күнді
көптен-ақ, Талдықорған, аңсап ең сен!
Оятып қиядағы қыранды үнің,
көгінде қалқып ұшты жыр-ән бүгін, —
болмаған көптен бері бұл өңірде
дәл мұндай ұмытылмас ұранды күн!
Оздырып арман,
үміт,
мұратты алға,
бұл күні қуанбаған қырат бар ма?
Жеті өзен — басы қатты — жұлқына ағып,
бұлқына тасып ақты бұлақтар да!
Басыңа қайта оралып қашқан бақыт,
тұра ғап қол соғады тастар да тік.
Балқаш та бері қарай бір аунады,
Алатау ақ қалпағын аспанға атып.
Бұл күні Жетісу боп жыр тұрағы,
көңілім көк өзендей бұрқырады.
Шаттығың Алакөлден әрі асып бір,
Еліңнің жарасып тұр ынтымағы!
Көгертіп жер бедерін, ел беделін,
сенің де осы болар өрлегенің.
Қалып ең күні кеше босағада,
тиіп те қалар енді төрден орын!
Тұрғам жоқ асыра айтып жорта мұны,
сен болсаң облыстың орталығы,
Алатау, Алакөл мен Іле, Балқаш —
Жасампаз Жетісудың төрт алыбы!
Өзінде келбет те бар, көріктілік,
қарайсың келешекке сеніп, күліп!..
Уақыт осыны айтты Жетісудың
тізгінін өз қолыңа беріп тұрып!

Сәуір, 2001 жыл





Пікір жазу