26.07.2021
  181


Автор: Сәкен Иманасов

Мезгілінде бере алмаған Ерге дем

Мезгілінде бере алмаған Ерге дем.
пейілі кең,
зейіні кем елден ем,
қайығым да қала берер қайырлап,
үрке қашып үдей соғар жел менен.
Мен дегенде бұтағын да бұлдап тал,
самал еспей, сараңдарша сырғақтар,
көздің жасы кермек татыр лезде,
ащы етіме қатты батып тырнақтар...
Жауымнан да, жауыннан да жасқана,
жон арқамды тосқан болам, масқара!
Күйінгенім өз алдына,... әйтеуір,
иілмедім бір құдайдан басқаға.
Соның өзін кешіре алмай ағайын,
дау-дамайға толып берер маңайым, —
Қаңғып-ұлып құлағымның түбінен,
жаңғырығып — жан түршігер жабайы үн.
Аузымды да ұстар едім құлыптап,
дәл қазіргі хал-күйімді кім ұқпақ,
мен дегенде —
шәу-шәу етіп жатқаны
ауыл үйдің иттері де үріп қап.
Тастай қатқан тағдырым да керең бе,
тамырымды жібермей тұр тереңге.
Күндетпеді қарағайды қайқы өскен,
үндетпеді иір бұтақ еменге!
"Қой!" — дерімді біле алмадым кімге ұрсып,
сөйлемесім, сөйлерімді білгірсіп,
маңдайым да тарлау ма еді шыр бітпес,
айналдырып алды-ау мені бір қырсық!





Пікір жазу