Мына заман — қай заман
1
Қорықпайтын қылыштан,
жасқанбайтын найзадан,
арқа-басы құрысқан
мына заман — қай заман?!
Қатар келіп күніге
тоғыз қатын толғағы,
ұлылардың үні де
ит үргендей болмады.
Кетті қайыр елден де,
туысқаның — туа жат,
жеме-жемге келгенде
жалт береді куә жақ.
Қанағат қып үйренген
аздың өзін — арты лай,
қолы тимей күйбеңнен,
келе жатқан халқым-ай!...
2
Даналарың қалжырап,
балаларың зар жылап,
ақиқаттың аулы да
қалды бізден сәл жырақ.
Ере бердік езге де,
әуре болмай ерді іздеп,
"Бұдан жаман кезде де
тойға барған елміз!" — деп.
Атқа мінсек ауысып,
айтамыз кеп шүкірлік, —
талқанын да тауысып,
тарыны да бітірдік.
Қазағы бар, орысы —
тәйтік алып төріңді,
темір ілгек тор іші
кең сарайдай көрінді.
Түсім бе, әлде өңім бе
жын қаптады жат бауыр. ...
Соның бәрі менің де
қабырғама батты ауыр!...
3
Ердің ісі сыналар
тұсқа тағы үңілдім:
сөзімді алып шын адал
ой мен қырға жүгірдім;
жеткенінше ақылым,
жоғарыға шапқылап,
айтып келдім ақырын,
айтып көрдім қаттырақ;
ту ұстаған төренің
құлағына жетпеді үн,
елп етпеді еменің,
селт етпеді кереңің;
жел айдаған қаңбақтай
қала бердім жолда мен, —
тобырыңа жан батпай,
обырына қонбады ем!...
4
Ескермесе ұлыны
мәймөңкелер кіл байпаң,
естімесе ұлығы,
елдің сөзін кімге айтам?
"Неге? Неге? Неге"— леп,
айта алмасаң шегелеп,
ақындығың не керек,
батылдығың не керек!...
Қаһарынан хан ыққан
қараймын деп ерге мен,
құл кигізген қамыттан
құтыла алмай келген ем.
Қарашасын кекетпес,
күнді беріп, айды алар,
айтқаныңды екі етпес,
ардагер ұл қайда бар?!
Қаймықпаған сұстыңнан
Махамбеттің өзін де,
құлағына қыстырған
кім бар еді кезінде.
Қалың елі қазағы
айтқанына тоқтамай,
ақылының азабын
арқалаумен өтті Абай!
Қайда кеттім қаңғырып, —
олар кім де — мен кіммін,
қара тасқа жаңғырып
жатқан үнді сөндірдім.
Қайте берем безілдеп,
естімейді ұрда-жық,
ептілер жүр езіп жеп,
естілерің тұр қажып.
5
Көп жыл салып араға
көтерер-ау мені де ел:
"Едігедей еді!"— дер,
"елдің қамын жеді!" — дер
Бас имеген патшаға,
сатылмаған ақшаға,
елім деумен еңіреп,
өтіпті, деп, жақсы аға!
Атақ-даңқым аспандап,
аңызға да айналар.
Одан бірақ, құдай-ау,
маған қандай пайда бар,
саған қандай пайда бар?!