Адам адам болғалы...
Адам адам болғалы келе жатыр алысып,
жүгірген аң, ұшқан құс — барлығымен жарысып,
ажырасып,
табысып,
қол сындырып,
бас жарып,
біреулері дәрі ішіп, біреулері қан ішіп...
Араздасып,
адасып,
айнып,
ауыз жаласып,
жағаласып,
жаласып,
жоққа бола таласып,
тіршілікте тірінің қадіріне жетті кім,
біреуіне-бірінің көрді ме екен жаны ашып?!
Заманалар болған да шығар, бәлкім, тату, кең,
бүгінгінің қабағы, қандай ғана қатулы ең?
Бірін-бірі алдаумен келе жатыр адамдар,
бірін-бірі арбаумен, бірін-бірі сатумен!
Жақыны кім,
жаты кім,
досы қайсы,
кім дұшпан, —
айырмасы болмапты әділеттің қылмастан,
бәрі мидай былығып,
ұры-қары, ұлылық,
кім дерің бар бүгінгі Ақсақ Темір,
Шыңғыс хан!
Жұдырықпен,
мылтықпен,
зеңбірекпен,
бірі умен,
келе жатыр адамдар бірін-бірі қырумен.
Ұлы Сталин...
Гитлер...
Алжир...
Карлаг...
Освенцим...
Қайсыбірін айтарсың....
Хиросима...
Трумэн.
Біреулері ақталып,
біреулері ақталмай,
адам деген мақұлық бір-біріне жат қандай!
Бірін-бірі дуалап,
диуана қып,
қуалап
ажал-апан аузына айдап бара жатқандай!