26.07.2021
  116


Автор: Сәкен Иманасов

Итке де қалай ғана: "Үрме!" — дейсің

Итке де қалай ғана: "Үрме!" — дейсің,
жабасың кімнің аузын, бүрмелейсің,
көмейін тығындар ең,
"мығымдар" ең,
түгің жоқ тілден басқа, тұл кедейсің!
Түңілу,
торығу ма,
жүгініс пе,
жарамай тілің түгіл,
ділің іске,
айта алмай атынды да,
"датыңды" да
қалың ой қалып жатыр бұғып іште!
Дерсің-ау: "Ел көзіне толымды ер ек,"
жатқан да кім бар бірақ оныңды елеп.
Ет-жақын ағайынның өзіне де
бұл күнде жолың емес, қолың керек!
Атар ма деп те бір таң арайлы әппақ,
жүргенің тәтті үмітке қарайлап қап,
жоймақсың көбік ауыз көпті қалай,
қоймақсың ел аузына қалай қақпақ?
Қайда да қадіріңді білер ерсің,
"Қой!" — деп те
кімге барып тіленерсің,
қайтесің "сөйлегіштер" сөйлеп қалсын,
иттер де
үрем десе —
үре берсін!





Пікір жазу