26.07.2021
  138


Автор: Сәкен Иманасов

Қашан да

Қашан да
бір жақсы орын тиіп төрден,
қарадым кісі бойы биіктерден,
туғалы дойырдан да,
сойылдан да
кезім жоқ айылымды жиып көрген.
Кезім жоқ күйбеңдеген,
сүйреңдеген,
жерім жоқ жексұрыннан жиренбеген.
(Ешкімнен именбеген ғазиз басты
не шығар көрінгенге игенде мен!)
Алдында көрінгеннің қалбырақтап,
көрмедім ханды мақтап, сандырақтап,
қаншама пәледен де,
жаладан да, ақ сөйлеп,
өзімді-өзім алдым ақтап.
Ағайын ер сөзімді мыңға балап
оқысын,
оқымасын —
жүр бағалап.
Даңқыңда,
даңғазаңда,
қарап тұрсам,
түсетін тебе екен ғой сырғанап-ақ!..





Пікір жазу