25.07.2021
  217


Автор: Сәкен Иманасов

Қалмапты бейнең есімде

Қалмапты бейнең есімде,
көгілдірмісің, ақпысың, —
айлы бір жаздың кешінде
айналып соқшы, бақ-құсым!
Кімдерге құшақ жаймадым,
кімдерді ғана пір тұтып,
аздығынан да айланың
алдым ба сені үркітіп?!
Баққа да, сорға болмай құл,
кеткен ем тартып жолсызбен,
ұр да жық кезде сондай бір
ұрындым ба екем жөнсіз мен?
Көтеріп кеуде, шығандап,
хақтан да күтпей көмекті,
жүргенде жалаң ұрандап,
шошытып алсам керек-ті!
Ұштың да кеттің асыға,
жетпеді даусым жөткірсем,
қайырыла соғып,
қасыма
қонбай да содан кеттің сен.
Түсінбей жүрген соны да,
ақылым аз ба, айлам кем, —
қондыра қояр қолыма
бар еді менде қай дәрмен!...
Салтымда жоқты пір тұтып,
санама сіңіп сайқал-ән,
алыппын әбден үркітіп,
қонбастай етіп қайтадан.
Тұғырдан тайып тасы да,
торыққан ердің халі бұл, —
Қонбасаң — қонба басыма,
қайырыла кетші тағы бір!..





Пікір жазу