25.07.2021
  116


Автор: Сәкен Иманасов

Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі

Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі,
қиналған кездерімді жан білмейді! —
Ешкімге шағындырмай,
табындырмай,
өмірдің өзі-ақ мені әлдилейді!
Бұралаң тіршіліктің сан дүрмегін,
шыдаған көтеруге балғын белім,
Жылаған (жасырынып) шақтарда да
басымнан сипаған жоқ тағдыр менің.
Өзгенің өтесі жоқ, сірә, маған,
ешкімді оған бола кінәламан!
Келгенше осы жасқа,
шынымды айтсам,
көрмедім жанашырлық бір ағадан.
Әйтеуір өрге сүйреп өз басымды,
ешкімге көрсетпедім көз жасымды.
Сезуші ем
тағдырыңның тәлкегінен
тулақтай
түгі түсіп,
тозбасымды!





Пікір жазу