25.07.2021
  127


Автор: Сәкен Иманасов

Көңілдің көк дөненін шаптырғасын

Көңілдің көк дөненін шаптырғасын,
Жақтырсын қатын-бала,
жақтырмасын,
Алыстан асыға бір аңсай жетіп,
Ауылыңа тіреп едім аттың басын...
Есіңде бар шығар деп бір өлеңім,
Ат басын ауылыңа тіреп едім.
Алдымнан өттің арып,
бетті қарып
Жұқа тон — жылуы жоқ жүдеген үн.
Түскендей елден ерек көліңе мұз,
аузыңнан шыққан болды әлі лебіз.
...Сонда бір көріне алмай айбыныммен
Әлі де қайғы-мұңмен көңіл егіз.
Бет қайтып нағылеттен,
әбілеттен,
Кез еді ол күрестің де мәні кеткен.
Адамнан аумай қалдым, әлдеқашан
Көмбеден көкқасқасы ағып өткен.
Болдың-ау қимағандай дала шуын,
Алайын енді кімнен жан ашуын.
Сол күнгі көңілім де бір басқа еді,
...бал татып тұрмас па еді қара суың!..





Пікір жазу