25.07.2021
148
Өзгеріп шыға келіп өмір бірден
Өзгеріп шыға келіп өмір бірден,
қалмады дейсің, қалқам, көңіл кімнен,
Әп-сәтте алабұртып төңірегім,
қаншама еңіредім,
егілдім мен!..
Қамығып көрмегендей бірі мендей,
кешегі қатарласым —
бүгін ермей,
Әп-сәтте қала берем шөгіп іштей
көңілім бордай болып үгілердей.
Тірлікте нала да бар,
жала да бар,
шақ та бар жұрт ішінде дара қалар, —
Амалсыз өзін-өзі оққа төсеп,
Жүрегің жазылмастай жараланар.
Аямай сен де бүгін тілімдедің,
оған да бүлінбедім, бүгілмедім —
неғұрлым жарам ауыр болған сайын,
шығып жүр ашығырақ үнім менің!
Ағаңды алдамаған бүгінде кім,
оған да бүлінбедім,
түңілмедім,—
Көңілім қалған сайын —
барған сайын
өтімді бола түсіп жырым менің!