25.07.2021
  120


Автор: Сәкен Иманасов

Құс болып көкте бірде қалықтайсың

Құс болып көкте бірде қалықтайсың,
біресе қолға тұрмас балықтайсың,
барасың күнің үшін сан айлаға,
апыр-ау, қалай ғана жалықпайсың?!
Әспеттеп ананы да, мынаныда,
ілмейсің ұлы сөзді құлағыңа,
кешегі кең сарайдай қайран көңіл
айналды ібілістің тұрағына.
Біресе "бірімін, деп, жалқаулардың",
алдында ағайынның аңқауландың,
жомарт та болғың келіп...
жолға қарап,
кісіге бесті беріп, алтауды алдың.
Өзіңнен үні бөлек,
күні бірге,
мақтадың бүлігін де, жүлігін де,
мақтадың өлермені, өктемін де,
шым батып кеткенін де жылым інге!
Қарайлап қалталыға, қолы ұзынға,
мақтадың қоңызын да, доңызын да,
жүргенің есекті де емексітіп,
жел беріп жеті атадан долы жынға.
Кісіге, кішіге де "сүйкімді" анық,
бірі едің ағайынның ұйқың қанық,
білмедім, сыйлымысың, күйлімісің, —
барады қимыл-ісің қиқымдалып!





Пікір жазу