25.07.2021
  122


Автор: Сәкен Иманасов

Көріп ем "батыр" болып мақтан үшін

Көріп ем "батыр" болып мақтан үшін,
жетпеді жақын түгіл, жатқа күшім,


соған да қыбы қана,
ұлып ала
жөнелді сауысқаннан сақ танысым.
Ерем деп алағай мен бұлағайға,
құл қайда, білмей қалдым, құда қайда!
(Құдайға жатпай-тұрмай жалбарындым:
"Жасаған, бере көр, — деп, — шыдам, айла!")
Оның да көрінді ме көзіне жын,
"тәубалап",
тоқтам айттым өзіме өзім.
Алауыз ағайыннан құптау күтіп,
зытты-ау бір
маңайымнан безіп езің!
Кім білсін,
енді қанша созыларын,
тартылып бара жатты тозып арын.
Не дейін құдайға да тым құрыса
қимаған туысқанның сөз ұғарын!
Көңілдің құйрық-жалы күзелгесін,
қайтеміз айта беріп біз өңгесін.
Абай да күңіреніп өтті емес пе,
қазақтың көзбен көріп түзелмесін!
Сөзіме дос таласып, қас таласып,
жатқан соң өз мұңым да бастан асып,
осынау сәлемімді жұма күні
жібердім елге қарай тасқа басып!

28 наурыз 2003 жыл





Пікір жазу